Қазақстан қор биржасындағы (KASE) валюта саудасында теңге айтарлықтай нығайды. Өткен жұмада доллар саудасы 485,7 теңге деңгейінде жабылса, бүгін таңертеңгі жағдай бойынша АҚШ валютасының бағамы 471,69 теңгеге дейін төмендеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Осылайша, бір апта ішінде доллар шамамен 14 теңгеге арзандап, теңге долларға қатысты 2,9 пайызға нығайды.
Алғашқы қарағанда мұндай өзгеріс күтпеген жағдай болып көрінеді. Себебі осы кезеңде Ұлттық банк базалық мөлшерлемені төмендетті, мұнай бағасы қысымға ұшырап отыр, ал әлемдік нарықта доллардың өзі күшейіп келеді. Әдетте мұндай факторлар ұлттық валютаға кері әсер етуі тиіс.
Алайда экономист Ғалым Құсайыновтың айтуынша, Қазақстанның валюта нарығында бағам көбіне макроэкономикалық болжамдарға емес, нарықтағы нақты валюта ұсынысына тәуелді қалыптасады. Яғни ішкі нарықта доллар көлемі көбейген сайын теңге нығая түседі.
Сарапшының пікірінше, қазіргі жағдайға квазимемлекеттік компаниялар мен екінші деңгейлі банктердің сыртқы нарықтан қарыз тартып, алынған валютаны ішкі нарықта сатуы себеп болуы мүмкін.
«Мұндай бір реттік валюталық түсімдер базалық мөлшерлеменің өзгерісінен немесе мұнай бағасының динамикасынан да күштірек әсер етуі мүмкін», – дейді Ғалым Құсайынов.
Сарапшылардың бағалауынша, теңгенің қазіргі нығаюы ұзақ мерзімді үрдістен гөрі, ішкі нарыққа түскен валюталық өтімділіктің артуымен байланысты болуы ықтимал. Сондықтан алдағы уақытта доллар бағамының бағыты ең алдымен ішкі нарықтағы валюта ұсынысы мен оған деген сұранысқа тәуелді болады.