Қоғам

Дінмұхамед Қонаевтың қарындасы, ғалым Рауза Қонаева 92 жасында өмірден өтті

Дархан Тоқан Дархан Тоқан
Дінмұхамед Қонаевтың қарындасы, ғалым Рауза Қонаева 92 жасында өмірден өтті
Фото: Ашық дереккөзі

Дінмұхамед Қонаевтың қарындасы, ғалым-биолог Рауза Қонаева 92 жасында дүниеден өтті, деп хабарлайды kznews.kz.

Қаралы хабарды Дінмұхамед Қонаев атындағы Халықаралық қор жеткізген. Марқұм Рауза Меңліахмедқызы 1934 жылғы 10 сәуірде Алматы облысы Шілік ауылында дүниеге келген. Ол Меңліахмед пен Зәуре Қонаевтардың отбасындағы он бірінші бала, яғни кенже перзенті болған.

Отбасындағы үлкендермен жас айырмашылығы да едәуір еді. Айталық, үлкен әпкесі Әмина Рауза Қонаевадан 27 жас үлкен болғаны айтылады. Ал өзінен бұрын туған ағасы Асқар Меңліахмедұлы одан 5 жас үлкен.

Рауза Меңліахмедқызы Алматы қаласындағы №28, №10 және №36 мектептерде білім алған. 1952 жылы ол М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің биология-топырақтану факультетіне оқуға түседі. 1956 жылы жоғары оқу орнын сәтті тәмамдаған.

Ғалымның еңбек жолы Қазақстан Ғылым академиясы жүйесімен тығыз байланысты. Ол 1957–1983 жылдары Биохимия институтында қызмет етсе, 1983–2016 жылдар аралығында Молекулалық биология және биохимия институтында жұмысын жалғастырған. Ұзақ жылдық ғылыми ізденістері Қазақстаннан тыс елдерге де танымал болғаны атап өтіледі.

Жақындары мен әріптестері Рауза Қонаеваны зиялылығы биік, қарапайым, адаммен тіл табыса білетін тұлға ретінде сипаттайды. Ол республикаға белгілі заңгер Мұрат Баймахановтың жұбайы болған. Отбасындағы ұрпақ сабақтастығын жалғаған қызы Дина Мұратқызы Баймаханова әке жолын қуып, заң ғылымдарының докторы атанып, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да профессор ретінде еңбек етеді.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz