Әнші мұны Grammy студиясының “Global Mixtape” атты жаңа жобасының алғашқы шығарылымында мәлімдеді. Ол журналист Валери Лиге берген сұхбатында алдағы әлемдік турнесі, жанкүйерлерімен кездесуі және шығармашылық жоспарлары жөнінде әңгімеледі.
Белгілі әнші Димаш Құдайберге әлемнің 40-тан астам елінде өнер көрсетуі мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды kznews.kz
Сұхбат барысында журналист Димаштың Оңтүстік Америка елдеріне жоспарланған концерттік сапарына тоқталып, келер уақытта жанкүйерлерін қандай жаңалықтар күтіп тұрғанын сұрады.
“Негізі жоспарымды білемін, бірақ әзірге толық сенімді емеспін. Мұны құпия сақтауым керек. Нақты айта алмаймын, бірақ 20-дан астам ел болуы мүмкін. Бәлкім, 30-дан, тіпті 40-тан да асып кетер. Мен мүмкіндігінше көп концерт беріп, әлемнің барлық елін аралағым келеді. Өйткені жанкүйерлеріммен кездескенді жақсы көремін”, – деді Димаш Құдайберген.
Сонымен қатар әнші Нью-Йорктегі әйгілі “Мэдисон-сквер-гарден” аренасында өткен концерті туралы деректі фильм жарық көретінін хабарлады. Оның айтуынша, туынды алдағы екі апта шамасында өзінің YouTube арнасында жарияланады.
“Бір-екі аптадан кейін YouTube арнамда “Мэдисон-сквер-гардендегі” концертім туралы деректі фильм ұсынамыз. Мұны мақтанғаным деп қабылдамаңыздар, бірақ ТМД елдерінің әртістері алғаш рет осындай әйгілі аренада ауқымды концерт өткізді. Бұл мен үшін ғана емес, еліміз үшін де өте маңызды оқиға”, – деді өнер иесі.
Әзірге әншінің жаңа әлемдік турнесі нақты қанша елді қамтитыны белгісіз. Дегенмен Димаш мүмкіндігінше көп мемлекетте өнер көрсетіп, әлемнің түкпір-түкпіріндегі жанкүйерлерімен жүздесуді мақсат етіп отыр.