Димаш Құдайбергеннің әкесі, белгілі продюсер, композитор әрі музыкант Қанат Айтбаев "Парасат" орденімен марапатталды, деп хабарлайды kznews.kz.
Мемлекеттік награда Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай өткен салтанатты шарада табысталды. "ДимашАли" шығармашылық орталығының жетекшісіне марапатты Мемлекет басшысының атынан ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева тапсырды.
Салтанатты рәсімде министр Қанат Айтбаевтың қазақ мәдениеті мен өнерінің дамуына қосқан үлесін атап өтті. Сондай-ақ оның отандық музыка өнерін әлемдік деңгейде танытуға, қазақстандық шығармашылық мектептің беделін арттыруға сіңірген еңбегіне тоқталды.
Қанат Айтбаев көпшілікке Димаш Құдайбергеннің әкесі әрі продюсері ретінде ғана емес, қазақ музыкасына ұзақ жыл қызмет еткен өнер иесі ретінде де жақсы таныс. Ол шығармашылық орталық арқылы жас таланттарға қолдау көрсетіп, ұлттық өнердің халықаралық деңгейде насихатталуына үлес қосып келеді.
Айта кетейік, "Парасат" ордені ғылым, мәдениет, әдебиет және өнер салаларының дамуына ерекше еңбек сіңірген азаматтарға беріледі. Сонымен қатар бұл марапат елдің рухани және зияткерлік әлеуетін нығайтуға үлес қосқан тұлғаларға табысталады.