АҚШ-тағы Денвер халықаралық әуежайында қайғылы жағдай болды. Frontier Airlines компаниясының жолаушылар ұшағы ұшу кезінде әуежай жолағында жүрген адамды қағып кеткен, деп хабарлайды kznews.kz.
Оқиға кешкі уақытта тіркелген. Лос-Анджелеске бағыт алған Airbus A321 ұшағы ұшу жолағында жылдамдық алып келе жатқан сәтте белгісіз адаммен соқтығысқан.
Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, зардап шеккен адам оқиға орнында көз жұмған. Соққыдан кейін ұшақ қозғалтқыштарының бірінде қысқа уақытқа өрт шыққан.
Әуежайдың төтенше жағдайлар қызметі жалынды жедел сөндірді. Ұшақ бортында 224 жолаушы мен жеті экипаж мүшесі болған. Оқиғадан кейін рейс тоқтатылып, ұшқыштар жолаушыларды эвакуациялау туралы шешім қабылдаған.
Кейін әлеуметтік желілерде экипаж бен әуе қозғалысын басқару диспетчері арасындағы әңгіменің аудиожазбасы тарады.
"Диспетчер, Frontier 4345. Біз ұшу жолағында тоқтап тұрмыз. Біз бір адамды қағып кеттік. Қозғалтқышта өрт шықты", – деген ұшқыштың дауысы жазбада естіледі.
Бұдан соң экипаж командирі ұшақ салонында түтін пайда болғанын айтып, шұғыл эвакуация қажет екенін хабарлаған.
Жолаушылар үрлемелі траптар арқылы ұшу жолағына түсіріліп, кейін арнайы автобустармен терминалға жеткізілді. Алдын ала мәлімет бойынша, бір жолаушы жеңіл жарақат алған. Борттағы барлық адам медициналық тексеруден өткізілді.
Frontier Airlines компаниясы оқиғаның мән-жайын анықтау үшін әуежай әкімшілігі және қауіпсіздік қызметтерімен бірлесіп жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді.
Қазір Денвер полициясы мен АҚШ-тың Ұлттық көлік қауіпсіздігі кеңесі тергеу жүргізіп жатыр. Мамандар адамның ұшу жолағына қалай кіргенін анықтау үшін әуежай қоршаулары мен қауіпсіздік жүйелерін тексеруде.