KZNEWS.KZ
Қоғам

Денсаулығына байланысты: Экс-әкім Кәрім Көкірекбай уақытынан ерте босатылды

• Айгерім Асылова
фото: ашық дереккөз

12 жылға сотталған Жамбыл облысының бұрынғы әкімі Кәрім Көкірекбайды сот ауыр дертке шалдыққандықтан, оны уақытынан ерте босатты, деп хабарлайды kznews.kz

"Ауыр дертке байланысты сотталған Көкрекбаевты жазасын одан әрі өтеуден босату туралы №57 мекеме әкімшілігінің ұсынысы қанағаттандырылды. Сот қаулысы әлі заңды күшіне енген жоқ", – деп жазылған хабарламада.

Прокуратура сот актісінің күшін жою туралы жеке өтініш берді.

Кәрім Көкірекбай 2025 жылғы 3 шілдеде 12 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол аса ірі мөлшерде пара алғаны үшін кінәлі деп танылды.

Сот материалдарына сәйкес, Көкірекбаев "Қазселденқорғау" мемлекеттік мекемесін басқарған кезеңде өзінің орынбасары Әділет Ахатаевпен бірге мердігер "Bazis Construction INFR" ЖШС филиалының директоры Андрей Поплавскийден пара алған. Тергеу мәліметінше, 396 миллион теңге көлеміндегі пара Қорғас өзеніндегі қорғаныс құрылыстары бойынша орындалған жұмыстар актілеріне кедергісіз қол қою үшін берілген. Алайда құжаттарда көрсетілген құрылыс-монтаж жұмыстарының бір бөлігі іс жүзінде орындалмаған. Салдарынан мемлекетке 1,98 миллиард теңгеге жуық залал келген.

Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен Көкірекбаев Қылмыстық кодекстің 366-бабының 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды. Оның бұрынғы орынбасары Әділет Ахатаев пен мердігер Андрей Поплавский 11 жылға бас бостандығынан айырылды. Үшеуіне де өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазымды қызмет атқаруға тыйым салынды.

Айгерім Асылова
Айгерім Асылова – Kznews.kz сайтының тілшісі. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі, республикалық порталдарда жұмыс тәжірибесі бар журналист.
Автордың басқа материалдары →