KZNEWS.KZ
Жаңалықтар

“Денесі 4 сағат жолда жатты”: 14 жасар қызды көлікпен қаққан кәсіпкер қашып кеткен

• Айжан Сыланова
Фото: ruzaria.ru

Қарағанды облысының Петровка ауылында 14 жастағы Ангелина Поганьконы көлік қағып, ол оқиға орнында көз жұмды. Жүргізуші оқиға орнынан кетіп қалған, деп хабарлайды kznews.kz.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, бұл аумақта жарықтандыру мен жаяу жүргіншілер өткелі жеткіліксіз, ал бейнебақылау камерасы жұмыс істемейді. Оқиғаны естіген жергілікті тұрғындардың бірі күдікті көлікті қуып жетіп, мемлекеттік нөмірін жазып алғанын және полицияға хабарлағанын жеткізді.

Марқұмның туыстары жүргізуші оқиға орнына біраз уақыттан кейін қайта оралғанымен, әлі күнге дейін кәсібін жалғастырып жүргеніне наразылық білдірді. Қыздың әжесі Ангелинаның денесі жолда төрт сағат жатқанын айтып, тергеудің созылып жатқанына алаңдаулы екенін жеткізді.

Ал көлік жүргізген Гүлмира Рахменова оқиға орнынан немересі көліктің ішінде болғандықтан кеткенін мәлімдеді. Оның айтуынша, үш жастағы бала соққыдан шошып, қатты жылаған. Жүргізуші жарты сағаттан кейін қайта оралғанын, марқұмның ата-анасынан кешірім сұрағанын айтты. Сондай-ақ ол отбасы 30 миллион теңге өтемақы талап еткенін, алайда мұндай қаражаты жоқ екенін жеткізді.

Полиция аталған оқиғаға байланысты екі бап бойынша қылмыстық іс қозғаған. Олар – абайсызда адам өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзу және жол-көлік оқиғасы болған жерден кетіп қалу. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүріп, қажетті сараптамалар тағайындалған.

Қарағанды облыстық полиция департаментінің өкілі Нұрлан Аманжоловтың айтуынша, сараптама көліктің жылдамдығын және жүргізушінің апаттың алдын алуға мүмкіндігі болған-болмағанын анықтауға тиіс. Оның қорытындысы бойынша тиісті процессуалдық шешім қабылданады.

Полиция мәліметінше, бұл баптар бойынша тараптардың татуласуына жол берілмейді. Жүргізушінің кінәсі дәлелденсе, оған бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.

Айжан Сыланова
2023 жылдан бастап Kznews.kz сайтында тілші қызметін атқарады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі. Аймақтық және интернет-басылымдарда еңбек өтілі бар.
Автордың басқа материалдары →