Ақтөбеде үйінің маңындағы дүкенге бара жатқан қызды көлік қағып, ауыр жарақаттармен ауруханаға түсті. Қазір баланың жағдайы өте ауыр, деп хабарлайды kznews.kz.
Жол-көлік оқиғасынан кейін қызға бірқатар ауыр жарақат диагнозы қойылған. Оның қабырғалары мен жамбас сүйектері сынған. Сонымен қатар дәрігерлер ашық бас-ми жарақатын анықтаған. Қазіргі уақытта бала комада жатыр.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы зардап шеккен қыздың жағдайы өте ауыр екенін мәлімдеді. Медицина мамандары оның өмірін сақтап қалу және жағдайын тұрақтандыру үшін қажетті ем-дом шараларын жүргізіп жатыр.
Полицияның алдын ала мәліметінше, жол апаты Ембі көшесінде болған. Chevrolet Cobalt көлігінің жүргізушісі жолмен келе жатып, жаяу жүргіншілер өткелінен тыс жерде жолды кесіп өтіп бара жатқан қызды қағып кеткен.
Қазіргі таңда аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Құзырлы органдар жол апатының нақты себептері мен барлық мән-жайын анықтап жатыр.