Қазақстандық футболшы Дастан Сәтпаев Англияның «Челси» клубы құрамындағы алғашқы ойындарының бірінде көзге түсіп, жолдастық кездесуде гол авторы атанды, деп хабарлайды kznews.kz.
17 жастағы шабуылшы Аустралияның Сидней қаласында өткен маусым алдындағы дайындық аясындағы матчта «ВС Уондерерс» командасына қарсы негізгі құрамда алаңға шықты. Жас футболшы кездесудің небәрі 6-минутында қарсылас қақпасын дәл көздеп, өз мүмкіндігін сәтті пайдаланды.
Осылайша Дастан Сәтпаев «Челси» жейдесіндегі алғашқы мүмкіндіктерінің бірінде-ақ мергендігімен көзге түсіп, жанкүйерлер мен бапкерлердің назарын аударды.
Айта кетейік, Сәтпаев биыл тамыз айында 18 жасқа толғаннан кейін ғана ресми түрде лондондық клубтың толыққанды ойыншысы мәртебесіне ие болады. Қазіргі уақытта ол команданың маусым алдындағы оқу-жаттығу жиындарына қатысып, өзінің әлеуетін көрсетіп жүр.