Дастан Адайұлы Рыспеков Ұлытау облысының әкімі лауазымынан босатылды, деп хабарлайды kznews.kz.
"Мемлекет басшысының Жарлығымен Дастан Адайұлы Рыспеков Ұлытау облысының әкімі лауазымынан босатылды", – делінген ресми хабарламада.
Дастан Рыспеков кім?
Дастан Рыспеков 1984 жылы Қарағанды облысында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін және Алматы заң академиясын тәмамдаған.
Еңбек жолын 2006 жылы Алматы қаласының Экономика және бюджеттік жоспарлау департаментінде кірістерді болжау бөлімінің бас маманы болып бастаған.
2007-2016 жылдар аралығында Алматы қаласының Экономика және бюджеттік жоспарлау департаментінде, қалалық тексеру комиссиясында және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінде түрлі басшылық қызметтер атқарды.
2016-2018 жылдары "Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясында бухгалтерлік есеп және есептілік департаментінің директоры әрі бас бухгалтер болып жұмыс істеді.
2018-2019 жылдары Павлодар облысының кәсіпкерлік, сауда және туризм басқармасын басқарды.
2019 жылғы сәуірден бастап "Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясының экономика және бюджеттік жоспарлау департаментінің директоры қызметін атқарды.
2020-2023 жылдары Мәдениет және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитетінің төрағасы болды.
2024 жылғы қазанда Дастан Рыспеков Ұлытау облысының әкімі болып тағайындалған еді.