Мемлекет басшысы Есет Берікұлы Байкенді Ұлытау облысының әкімі қызметіне тағайындады, деп хабарлайды kznews.kz.
Ресми ақпаратқа сәйкес, тиісті Жарлыққа Президент қол қойған.
«Мемлекет басшысының Жарлығымен Есет Берікұлы Байкен Ұлытау облысының әкімі лауазымына тағайындалды», – делінген ресми хабарламада.
Осыған дейін Есет Байкен Астана қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарған. Ол Ұлытау облысының әкімі қызметінен босатылған Дастан Рыспековтің орнына келді.
Есет Байкен 1986 жылы Қарағанды облысында дүниеге келген. Қазақ гуманитарлық заң университеті мен академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде білім алған. Құқықтану және қаржы мамандықтары бойынша бакалавр дәрежесіне ие.
Еңбек жолын 2008 жылы Астана қаласы әкімдігінде бастаған. Әр жылдары елорда әкімдігінде түрлі лауазымдарды атқарып, бас инспектор қызметіне дейін көтерілді. Сонымен қатар Президент Әкімшілігінде де жұмыс істеген.
2019 жылы Қарағанды облысы Нұра ауданының әкімі болып тағайындалса, 2020–2022 жылдары Астананың Сарыарқа ауданын басқарды. Кейінгі төрт жыл бойы Астана қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.
Айта кетейік, бұған дейін Президент Жарлығымен Дастан Рыспеков Ұлытау облысының әкімі қызметінен босатылған болатын.