KZNEWS.KZ
Жаңалықтар

Дәрігер салғырттығы: Ауруханаға дене қызуымен барған сәбидің башпайы кесілген

• Айжан Сыланова
Фото: ашық дереккөз

Шымкентте төрт айлық нәресте ауруханаға түскеннен кейін ауыр халге жетіп, аяғындағы бірнеше башпайынан айырылды. Қазір сәби Алматыдағы жансақтау бөлімінде жатыр. Анасы болған жағдайға қалалық инфекциялық аурухана дәрігерлерінің салғырттығы себеп болды деп есептейді, деп хабарлайды kznews.kz.

Анасы сәбиіне катетер дұрыс қойылмағанын, содан кейін аяғы көгеріп, іріңдей бастағанын мәлімдеді. Кейін баланың аяғындағы бірнеше башпайын кесуге тура келген.

Ананың сөзінше, нәресте бір айдан астам уақыттан бері есін жимаған. Қазір ол Алматыдағы медициналық мекеменің жансақтау бөлімінде ем алып жатыр.

Оқиғаға байланысты Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасы арнайы комиссия құрып, қызметтік тексеру бастаған. Ведомство тексеру нәтижесінде медицина қызметкерлерінің әрекетіне баға беріліп, заң аясында тиісті шаралар қабылданатынын хабарлады.

Әзірге сәбидің жағдайына қатысты толық медициналық қорытынды мен тексеру нәтижелері жарияланған жоқ. Дәрігерлердің кінәсі бар-жоғы арнайы тексеруден кейін анықталуы тиіс.

Айжан Сыланова
2023 жылдан бастап Kznews.kz сайтында тілші қызметін атқарады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі. Аймақтық және интернет-басылымдарда еңбек өтілі бар.
Автордың басқа материалдары →