«Дала Қырандары» жастар қоғамдық бірлестігінің штабында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары Үмбетов Қайрат Жарылқасынұлымен кездесу өтті, деп хабарлайды kznews.kz.
Іс-шараға сондай-ақ ҚР Ұлттық ұланының Жауынгерлік даярлық бас басқармасының бастығы, полковник Мұхамедов Нұрлан Санжарұлы және Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығы дене даярлығы және спорт бөлімінің бастығы Әбішев Сәтжан Еркенұлы қатысты.
Кездесу жастарды азаматтық және патриоттық тұрғыда тәрбиелеу, құқықтық мәдениетті қалыптастыру, әлеуметтік жауапкершілікті дамыту және құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелеріне арналды. Іс-шара жастар белсенділері мен қоғамдық сектор өкілдерінің қатысуымен ашық диалог форматында өтті.
Кездесу барысында Үмбетов Қайрат Жарылқасынұлы қырандарға алғысын білдірді:
«Дала Қырандарына алғысымды білдіріп, толағай табыс пен өркендеу тілеймін. Бір-бірімізді жақыннан танып-білуге мүмкіндік туғанына қуаныштымын».
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар жастар саясаты, тәрбие және құқық бұзушылықтардың алдын алу салаларында одан әрі диалог орнатып, бірлескен бастамаларды дамытуға қызығушылық танытты.
«Дала Қырандары» штабы жастардың белсенді азаматтық ұстанымын дамытуға бағытталған бастамаларды іске асыру және өзекті қоғамдық мәселелерді талқылау үшін ашық алаң болып қала береді.