Астанада «Дала Қырандары» жастар қоғамдық бірлестігінің өкілдері «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының орталық кеңсесі алдында акция өткізді. Қоғам белсенділері республикалық маңызы бар автомобиль жолдарындағы қауіпсіздік мәселесін көтеріп, адам өліміне әкелген жол-көлік оқиғалары үшін жауапкершілік тетігін күшейтуді талап етті, деп хабарлайды kznews.kz.
Қозғалыс таратқан мәліметке сәйкес, 2026 жылдың алғашқы алты айында Қазақстан жолдарында 807 адам қаза тапқан. Белсенділердің пікірінше, жол инфрақұрылымындағы қауіпсіздік талаптары тиісті деңгейде сақталғанда, қайғылы жағдайлардың бір бөлігінің алдын алуға болар еді.
Атап айтқанда, қозғалыс өкілдері республикалық трассалардың кейбір учаскелерінде жолақтарды бөліп тұратын қоршаулардың болмауы жоғары жылдамдықтағы бетпе-бет соқтығысу қаупін арттыратынын айтады. Сондай-ақ қорғаныс қоршаулары орнатылмаған жерлерде жабайы және үй жануарларының жолға шығуы жүргізушілер үшін қосымша қауіп төндіреді.

Қауіпті учаскелерге қара белгілер орната бастады
«Дала Қырандары» жолдағы қауіпті учаскелерге назар аударту үшін арнайы қара түсті ескерту белгілерін өздері орната бастағанын мәлімдеді. Ұйым өкілдерінің айтуынша, мұндай белгілер жүргізушілерді ерекше қауіпті аумақтар туралы алдын ала ескертуге бағытталған.
Белсенділер жол инфрақұрылымына қомақты қаражат бөлінетінін алға тартып, оның қауіпсіздік деңгейіне қоғам тарапынан бақылау болуы тиіс деп есептейді.
«Мемлекет жол инфрақұрылымына орасан қаражат – 30 миллиард теңгеден астам қаржы бөледі. Қоғам осы ақшаға сапалы әрі қауіпсіз жол талап етуге құқылы», – делінген «Дала Қырандары» мәлімдемесінде.

«Дала Қырандары» қандай талап қойды?
Қоғамдық бірлестік жол қауіпсіздігін басқару жүйесіне екі негізгі өзгеріс енгізуді ұсынып отыр.
Біріншіден, QAJ қарамағындағы жолдарда адам өлімімен аяқталған әрбір жол-көлік оқиғасынан кейін жолдың жағдайына тәуелсіз сараптама жүргізілуі керек. Оның аясында жол белгілерінің, таңбалардың, қоршаулардың болуы мен техникалық талаптарға сәйкестігі міндетті түрде тексерілуі тиіс.
Екіншіден, белсенділер адам өлімі болған жол апаттарынан кейін «ҚазАвтоЖолды» қылмыстық іс жүргізу процесіне тарап ретінде автоматты түрде тарту тетігін заңмен бекітуді ұсынады. Бұл сот барысында ұлттық компанияның жол жағдайына байланысты ықтимал жауапкершілік дәрежесін анықтауға мүмкіндік береді деп есептейді қозғалыс өкілдері.
«Дала Қырандары» өкілдері жол қауіпсіздігі саласында жүйелі өзгерістер жасалғанға дейін мұндай акцияларды жалғастыруға ниетті екенін мәлімдеді. Қозғалыс өкілдерінің айтуынша, республикалық жолдарда адам өліміне әкелген кезекті қайғылы жағдай тіркелген сайын QAJ орталық кеңсесі алдында акция өткізу жоспарланып отыр. Осы арқылы белсенділер ұлттық компания басшылығына жол қауіпсіздігі мен адам өміріне қатысты жауапкершілікті тұрақты түрде еске салмақ.
Сонымен бірге қозғалыстың талаптары әзірге қоғамдық бірлестіктің бастамасы екенін атап өткен жөн. Ұлттық компанияның нақты жауапкершілігі әрбір жол-көлік оқиғасының мән-жайы мен қолданыстағы заңнама аясында анықталады.