Еліміз ұялы байланыс жүйесіндегі "+7" телефон кодынан бас тартпайтын болды. Керісінше, Ресеймен арадағы телекоммуникациялық келісім бойынша тең құқықты мәртебесін халықаралық деңгейде бекітті.
Бұл туралы Қазақстаның Дүниежүзілік сауда ұйымы және халықаралық экономикалық ұйымдар жанындағы тұрақты өкілі Қайрат Төребаев мәлімдеді.
- Еліміз халықаралық телефон коды - "+7" цифрын пайдалану бойынша Ресеймен тең құқықты серіктес мәртебесін ресми түрде бекітті. Жаңа келісімнің жай-жапсары халықаралық электр байланысы одағының ресми бюллетенінде 1 маусымда жарияланады деп күтілуде. Келісім 2025 жылғы 3 желтоқсанда күшіне енген және мерзімсіз негізде жасалған, - дейді Қайрат Төребаев.
Жаңа құжатқа сәйкес, Қазақстан "+7" телефон аймағын бірлесіп пайдалану жүйесінде тең құқықты тарап ретінде бекітілді. Елге тиесілі нақты нөмірлік диапазондар +7 0, +7 6 және +7 7 негізінде айқындалады.
Жалпы, бұған дейін "+7" кодын пайдалану жөніндегі келісімдер байланыс саласындағы уәкілетті органдар деңгейінде жүзеге асса, енді ол екі ел үкіметтері арасындағы халықаралық деңгейдегі келісім ретінде рәсімделді. Бұл Қазақстанның құқықтық позициясын күшейтеді.
Сонымен қатар келісімнің тұрақтылығы арттырылды дейді мамандар. Егер бұрын тараптардың бірі келісімнен шығу туралы 6 ай бұрын ескертуге құқылы болса, енді бұл мерзім 24 айға дейін ұзартылды. Бұл байланыс нарығындағы тұрақтылық пен болжамдылықты қамтамасыз етеді екен.
Ал жауапкершілік тұрғысына келсек, Қазақстан тарапынан уәкілетті орган ретінде Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі белгіленген.
Сарапшылардың пікірінше, бұл қадам Қазақстанның халықаралық телекоммуникациялық жүйедегі позициясын нығайтып, цифрлық егемендігін бекіте түседі.