KZNews.kz
Сарапшы пікірі

Цифрландыру – құтқарушы ма, әлде жаңа «ақша жегіш» жүйе ме?

Азамат Қойшығара
Видеодан алынған кадр

Қазақстанда цифрландыру мемлекеттік саясаттың басты бағыты ретінде ұсынылып келеді. Жасанды интеллект, ақпараттық жүйелер, үлкен деректер – мұның барлығы қоғамға «барлық мәселені шешетін құрал» ретінде таныстырылуда. Алайда сарапшылар бұл үдеріс төңірегінде тым романтикалық көзқарас қалыптасқанын айтады, деп хабарлайды kznews.kz.

Бұрынғы Денсаулық сақтау министрінің орынбасары, цифрландыру саласының сарапшысы Олжас Әбішев цифрлық трансформацияға қатысты өткір пікір білдірді. Оның сөзінше, қаржыландыру көлемін ұлғайта беру – жүйелік проблемалардың шешімі емес.

«Төрт триллион, бес триллион теңге бөлуге болады. Бірақ егер сол қаржының игерілу механизмі өзгермесе, ол қаражат та жетпейді. Ақша көбейген сайын тиімділік артады деген түсінік – қате», – деді ол.

Сарапшының пікірінше, басты мәселе технологияда емес, басқару мәдениетінде жатыр. Цифрландыру – тек құрал. Ал құрал нәтиже беруі үшін оны қолданатын адамның ойлау жүйесі өзгеруі тиіс.

«Жасанды интеллектіні енгізсек, бәрі автоматты түрде түзеледі деген – жалған үміт. Егер мемлекеттік қызметкер де, бизнес өкілі де өз процесін қайта қарамаса, жаңа жүйе ескі әдеттің үстіне орнатылады. Ондай жағдайда цифрландыру тек қымбат “қаптамаға” айналады», – деп атап өтті Олжас Әбішев.

Оның айтуынша, цифрлық трансформация ең алдымен процестерді оңтайландырудан басталуы керек. Яғни, артық буындарды қысқарту, жауапкершілікті нақтылау, ашықтықты қамтамасыз ету. Ал керісінше жағдайда жаңа платформалар ескі жүйедегі кемшіліктерді тек цифрлық форматқа көшіреді.

Сарапшы смартфон мысалын келтірді. Қымбат құрылғыны тек қоңырау шалу мен мессенджер үшін пайдалану – оның әлеуетін толық қолданбаумен тең. Дәл сол сияқты, күрделі ІТ-жүйелерді енгізіп, оларды тек формалды есеп беру үшін пайдалану – реформаның мәнін жоғалтады.

Қоғамда тағы бір алаңдаушылық бар – цифрландыруға бөлінген миллиардтардың тиімділігі. Егер бақылау мен ашықтық жеткіліксіз болса, жаңа жобалар сыбайлас жемқорлық тәуекелін азайтудың орнына, оны жаңа деңгейге шығарып жіберуі мүмкін деген пікірлер де айтылуда.

Сонымен қатар сарапшы жасанды интеллект еңбек нарығын «жояды» деген пікірмен де келіспейді.

«Жасанды интеллект жұмыс орнын тартып алмайды. Бірақ оны қолдана білетін адам – қолдана алмайтын адамның орнын басады. Бәсекелестік енді технологияға емес, оны игеру қабілетіне байланысты болады», – деді ол.

Бүгінде цифрландыру үдерісі елдің қаржы, денсаулық сақтау, еңбек, логистика және мұнай-газ салаларын қамтып отыр. Мемлекет басшысы да бірнеше рет цифрлық трансформацияның маңызын атап өткен. Алайда сарапшылардың пайымынша, шынайы нәтиже тек технология енгізумен емес, басқару философиясын өзгертумен өлшенеді.

Азамат Қойшығара
М.Х.Дулати атындағы ТарМУ түлегі. Журналистика саласында 16 жылдан бері еңбек етіп келеді. Аймақтық, салалық, республикалық басылымдарда, интернет-порталдарда т...
Автордың басқа материалдары →