KZNEWS.KZ
Экономика

«Чемоданмен ақша тасу» дәуірі аяқталды! - «Халықтық құрылысқа» бөлінген ақша цифрландырылмақ

• Асқар Алтайұлы
Фотоиллюстрация: kznews.kz

Ұлттық банк 2027 жылы цифрлық теңге көлемін 2 триллион теңгеге дейін ұлғайтып, оның басым бөлігін ауқымды құрылыс жобаларын қаржыландыруға бағыттауды жоспарлап отыр, деп хабарлайды kznews.kz.

Бұл туралы 13 қарашада Алматыда өткен XIV Қазақстан қаржыгерлер конгресінде Ұлттық банк төрағасының орынбасары Бинұр Жәленов мәлімдеді.

Оның айтуынша, бүгінде айналымға шығарылған цифрлық теңге көлемі 360 миллиард теңгеден асқан. Ал келесі жылы бұл көрсеткіш шамамен 2 триллион теңгеге жетуі тиіс. Осылайша, цифрлық теңге көлемі 5,5 еседен астам ұлғаймақ.

Жаңа жүйенің басты ерекшелігі – мемлекет бөлінген қаржының қозғалысын бақылап, оның нақты қандай мақсатқа жұмсалғанын қадағалай алады.

Ақшаның қайда кеткені көрініп тұрады

Цифрлық теңгеге арнайы белгі қойылады. Соның арқасында қаражаттың мемлекеттік тапсырыс берушіден бас мердігерге, одан қосалқы мердігерлер мен соңғы жеткізушілерге дейінгі қозғалысын бақылауға мүмкіндік туады.

Бұдан бөлек, қаражатты қандай мақсатқа жұмсауға болатынын алдын ала белгілеу мүмкіндігі қарастырылған. Яғни белгілі бір құрылысқа бөлінген ақшаның басқа мақсатқа пайдаланылуына технологиялық шектеу қоюға болады.

Ұлттық банк өкілдерінің айтуынша, мұндай тәсіл бұған дейін Достық – Мойынты теміржол учаскесінің құрылысы кезінде сынақтан өткен.

Аталған жобаға бас мердігермен қатар 150-ге жуық қосалқы мердігер қатысқан. Цифрлық платформа арқылы Ұлттық қордан бөлінген қаржының соңғы жеткізушілерге дейінгі қозғалысын қадағалау мүмкін болған.

Енді осы тәжірибені ел көлеміндегі ірі инфрақұрылымдық жобаларға енгізу көзделіп отыр.

Жемқорлықты тоқтата ала ма?

Цифрлық теңгенің басты артықшылығы – қаржы қозғалысының ашықтығын арттыру және мақсатсыз төлемдерді шектеу.

Дегенмен технологияның өзі жемқорлықты толық жоя алмайды. Мысалы, мердігер құрылыс материалдарын нарықтық бағадан бірнеше есе қымбат сатып алса немесе орындалмаған жұмысты құжат жүзінде қабылдатса, цифрлық теңге мұндай заңбұзушылықты автоматты түрде анықтай бермейді.

Сондықтан қаржы қозғалысын цифрлық бақылаумен қатар мемлекеттік сатып алудың ашықтығы, құрылыс сапасын тәуелсіз тексеру және мердігерлердің жауапкершілігі маңызды болып қала береді.

Тағы бір мәселе – бөлінген триллиондардың экономикаға ықпалы. Ұлттық банк ауқымды бюджет шығындарына байланысты 2027 жылға арналған инфляция болжамын 6,5–8,5 пайызға дейін көтерген. Демек, «Халықтық құрылыс» тек қаржының сақталуы тұрғысынан емес, оның тиімді жұмсалуы мен баға өсіміне ықпалы жағынан да бақылауды қажет етеді.

Асқар Алтайұлы
Kznews.kz сайтының Бас редакторы. ҚазҰУ Журналистика факультетінің түлегі. Медиаменеджер. БАҚ саласында 22 жылдық тәжірибесі бар. Кәсіби блогер.
Автордың басқа материалдары →