KZNEWS.KZ
Қоғам

Бурабайда көлікпен ессіз әрекет жасағандар жауапқа тартылды (ВИДЕО)

• Айжан Сыланова
Фото: әлеуметтік желіден

Бурабай бағытындағы тасжолда көлік терезесінен денесін шығарып, қауіпті әрекет жасаған жастар жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды kznews.kz.

Оқиға 4 маусым күні болған. Елордалық студент демалысқа бару үшін жалға алған көлікпен жолға шыққан. Сапар барысында көліктегі үш қыз қозғалыс кезінде терезеден шығып, бұл әрекеттерін видеоға түсірген.

Заң бұзушылық туралы ақпаратты куәгерлердің бірі полицияға жолдап, бейнежазбаны Ақмола облыстық полиция департаментінің әлеуметтік желідегі парақшасына жіберген. Тәртіп сақшылары материалдарды тексеріп, көп ұзамай жүргізушіні анықтады.

Нәтижесінде көлік тізгіндеген азаматқа қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, онымен профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Полиция өкілдері әлеуметтік желіде танымал болу мақсатында өмір мен денсаулыққа қауіп төндіретін әрекеттерге бармауға шақырып, жол қозғалысы кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтаудың маңызын еске салды.

Айжан Сыланова
2023 жылдан бастап Kznews.kz сайтында тілші қызметін атқарады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі. Аймақтық және интернет-басылымдарда еңбек өтілі бар.
Автордың басқа материалдары →