Қаржы министрлігі жария еткен мәліметтерге қарағанда, ақпан айындағы бюджеттің орындалу үлесі 94,2 пайызға жеткен.
Таратып айтқанда осы айдың басындағы республикалық бюджеттің кірісі 1,270 трлн теңгені құрап отыр. Бұл болжамдағы көрсеткішке жақын цифрлар екен. Жоспар бойынша бюджет кірісі 1,348 трлн теңге болуы керек-тін. Дегенмен, экономистер жылдың басындағы есептеулерде кездесетін құбылу мен ауытқушылықтарға қарамастан мұндай көрсеткішке жетуді фискалдық саясаттағы оң қадамға жорып отыр.
Ал бюджет кірістерінің құрылымы негізінен салық түсімдерінің жеткілікті деңгейде жиналуы есебінен байқалды.
Жалпы салық түсімдері 941,9 млрд теңгені құрады. Бұл болжамдағы көрсеткіштің 110,6 пайызға орындалғанын білдіреді. Ал жоспар 851,4 млрд теңге шамасында болған.
Атап айтқанда, қосылған құн салығы бойынша 249,9 млрд теңге жиналып, жоспар 80,2 пайызға орындалған. Есеп бойынша осы айда 311,8 млрд теңге жиналуы керек-ті. Жалпы, биыл Қаржы министрлігі ҚҚС бойынша 10 трлн теңге жинау міндетін мойынына алған. Оған мүмкіндік бар сияқты. Бірақ, міндеттеме 2025 жылмен салыстырғанда 53,8 пайызға жоғары болып тұр. Былтыр ҚҚС түсімі 6,5 трлн теңге болады деп жоспарланып, нақты істе 6,1 трлн теңге ғана жиналған болатын.
Есесіне, корпоративтік табыс салығының түсімі жоспардан асып түскен. Ақпандағы қаржы көлемі 436,4 млрд теңгені құрап, жоспар 104,2 пайызға орындалды. Ал биылғы жоспар 5,2 трлн теңге болып отыр. Былтыр ҚТС бойынша нақты – 4,5 трлн теңге жиналған екен.
Сондай-ақ, салықтық емес түсімдерден де айтарлықтай қаражат жиналып, сомасы 23,1 млрд теңгеге жеткен. Бұл жоспардың 102,5 пайызға орындалғанын білдіреді.
Ақпан айындағы деректер Ұлттық қордан алынатын трансферттердің көлемі 230 млрд теңге шамасында болғанын көрсетті. Негізі бұл мөлшер 400 млрд теңге көлемінде деп межелеген екен, яғни ақпанда республикалық бюджетке аударылған қаражат жалпы жоспардың жартысынан асып, 57,5 пайызды құраған. Бұл оң үрдіс ретінде бағалануға тиіс. Жалпы, биыл Ұлттық қордан алынатын трансферттердің жалпы жоспары 2,8 трлн теңге деп болжанған. Өткен жылы қорға салған қолымыздың уысына 5,2 трлн теңге іліккен еді. Егер көңілдегі көріністі көлденең кедергілер бұзбаса, биыл Ұлттық қордан алатын сома азайып, сәйкесінше толықтыру үлесі артуға тиіс.
Мұнан бөлек, осы айдағы республикалық бюджет шығыстары 1,3 трлн теңгені құрап, жоспарланған шығынның 83 пайызы жұмсалған. Яғни, жоспар 1,6 трлн теңге болса, Үкімет қанша соманы үнемдегенін есептеп көріңіз...
Алайда, алақайлауға әлі ерте. Өйткені, жалпы бюджет теңгерімі ұғымына сәйкес бұл көрсеткіштер мақтанарлықтай емес. Әңгіменің төркіні республикалық бюджеттің кіріс бөлігі әлі де шикізатқа тәуелділіктен арылмағанында жатыр. Егер осы айдағы шикі мұнай сатудан түскен табысты алып тастасақ, онда бюджет тапшылығы 315 млрд теңгені құраған болар еді. Мұны да Қаржы министрлігінің есебінен алдық.
Екіншіден, жылдың екінші айындағы кіріс көздерінің 94,2 пайызға орындалғанына қарамастан, бюджет тапшылығының жалпы көлемі 60,5 млрд теңгені құраған. Демек, осынша қаржы тиісті жеріне жетпей қалғаны анық. Бәлкім ол жөнделмеген жол, салынбаған үй немесе жәй ғана көбеймеген жалақы мысалында қалып қойған шығар...
Тоқетерін айтқанда, ақпан айындағы бюджеттің орындалуына қатысты көрсеткіштер маусымдық сипатқа ие және жыл басындағы қалыпты динамикаға сәйкес келеді дейді мамандар. Яғни, салық түсімдері бойынша қандайда бір ерекшелікті бөліп айту қиын.
Ал Үкіметтің қаржы саясатына қатысты қатаң ұстанымы, оның ішінде жаңа фискалдық саясаттың нақты нәтижесі туралы жылдың алғашқы тоқсанынан кейін ғана айтуға мүмкіндік туады.