Конституцияға өзгерістер енгізу жөніндегі республикалық референдумды өткізуге Үкімет резервінен шамамен 21 млрд теңге бөлінді, деп хабарлайды kznews.kz.
2026 жылғы 18 ақпандағы №88 қаулыға сәйкес, бұл мақсатқа 20 777,5 млн теңге қарастырылған. Оның 20 653,9 млн теңгесі Орталық сайлау комиссиясына бағытталған: қаржының 75%-ы (15 698 млн теңге) барлық деңгейдегі 71 044 комиссия мүшесінің еңбекақысына, ал 25%-ы (4 956 млн теңге) ақпараттық қолдау, полиграфия және комиссиялардың жұмысын ұйымдастыру шығындарына жұмсалады.
Сондай-ақ 123,6 млн теңге Сыртқы істер министрлігіне бөлініп, 62 елдегі 80 шетелдік учаскеге қызметкерлерді іссапарға жіберу шығындарын өтеуге бағытталған.
Қаржы министрлігі референдумды қаржыландыруға шетелдік мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың, заңды және жеке тұлғалардың, сондай-ақ азаматтығы жоқ адамдардың тікелей немесе жанама түрде қатысуына тыйым салынатынын мәлімдеді.