KZNews.kz
Жаңалықтар

Бүгін — ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күні

Дархан Тоқан
Фото: Ашық дереккөзі

Бүгін қазақ поэзиясының асқақ үніне айналған ақын, аудармашы, драматург, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Ғасыр ақыны» атағының иегері Мұқағали Мақатаевтың дүниеге келген күні, деп хабарлайды Kznews.kz.

Мұқағали Мақатаев 1931 жылы Алматы облысы Райымбек ауданында өмірге келген. Ол М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) тәмамдаған. Еңбек жолында Қарасаз бастауыш мектебінде орыс тілінің мұғалімі болып қызмет атқарып, кейін Қазақ радиосында диктор болды. Сондай-ақ Шалкөдеде Қызыл отау меңгерушісі, Нарынқол аудандық «Советтік шекара» (қазіргі «Хантәңірі») газетінің жауапты хатшысы, «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде, «Мәдениет және тұрмыс» (қазіргі «Парасат»), «Жұлдыз» журналдарында әдеби қызметкер, Жазушылар одағы поэзия бөлімінің кеңесшісі ретінде еңбек еткен. 1973-1974 жылдары Мәскеудегі Әдебиет және өнер институтында оқыған.

Ақынның алғашқы өлеңдері 1948 жылы Нарынқол аудандық «Советтік шекара» газетінде жарық көрген. Мұқағалидың шығармашылық мұрасы аса бай: «Ақ қайың әні», «Аққулар ұйықтағанда», «Арман», «Шолпан», «Райымбек! Райымбек!», «Қашқын», «Моцарт. Жан азасы» секілді поэма-толғаулары және 650-ден астам лирикалық өлеңі бар. Әдебиеттанушылар оның қазақ өлеңін мазмұн мен пішін тұрғысынан түрлендіріп, интонация мен сөз саптау ерекшелігі арқылы жаңа өрнек енгізгенін атап өтеді.

Мұқағали поэзиямен шектелмей, проза, драма, сын жанрларында да өнімді еңбек етті. «Қош, махаббат» жинағына әр жылдары жазылған «Құлпытас», «Марусяның тауы», «Өзгермепті», «Әже» әңгімелері, «Қос қарлығаш», «Жыл құстары» повестері мен «Қош махаббат» пьесасы, сондай-ақ бірнеше сыни еңбектері енген.

Аударма саласында да оның еңбегі айрықша: Шекспир сонеттерін, Дантенің «Құдіретті комедиясын», Е.Евтушенко, А.Акопян, Ф.Моргун, У.Уитмен, Р.Бернс, Ф.Ансаридің өлеңдерін қазақша сөйлетті. Ақын жырларына Нұрғиса Тілендиев, Шәмші Қалдаяқов, Бейбіт Оралұлы, Алтынбек Қоразбаев бастаған бірқатар сазгерлер ән жазып, Мұқағали өлеңдері халықтық әнге айналды.

Бүгінде Алматыда ақын есімімен аталатын мектеп, көше және сол көше бойында ескерткіші бар. Туған ауылы Қарасазда мұражайы ашылған. Ал Қазақстан Жазушылар одағы 1985 жылдан бері үздік әдеби шығарма авторларына берілетін Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлықты тағайындап келеді.

Дархан Тоқан
Журналист. Блогер. Фрилансер
Автордың басқа материалдары →