Танымал әнші Мақпал Исабекова Zamandas подкастына берген сұхбатында төрт жылдық декреттік демалысы, босанғаннан кейінгі күйзелісі және жолдасымен ажырасуы туралы ашық айтты. Өнер иесі отбасын сақтап қалуға тырысқанын, алайда бұл әрекетінен нәтиже шықпағанын жеткізді, деп хабарлайды kznews.kz
“38 жасымда ұлымды, 40 жасымда қызымды дүниеге әкелдім. Үйде балаларыммен бірге болу өз таңдауым еді. Өйткені ана болуды ұзақ күттім. Балаларымның қалай өсіп, қалай өзгеріп жатқанын өз көзіммен көргім келді. Ана болу мені қатты өзгертті, бойымдағы өзім білмеген қабілеттерімді ашты”, – деді әнші.
Мақпал Исабекова болашақта тағы екі балалы болғысы келетінін де жасырмады.
“45 жаста да бала босануға болады. Бірақ мен ажырасып кеттім ғой. Сондықтан әзірге тек қалауым бар. Өзім әрдайым көпбалалы ана болғым келетін. Кем дегенде төрт балам болса деп армандайтынмын”, – деді өнер иесі.
“Өзімді ешкімге керексіз сезіндім”
Әнші тұңғышын дүниеге әкелгеннен кейін босанудан кейінгі депрессияны бастан өткерген. Алайда сол кезде өзінің қандай күйде жүргенін түсінбегенін айтты.
“Өзімді жалғыз, ешкімге керексіз сезіндім. Алғаш рет ана атанған көптеген әйелге бұл сезім таныс шығар. Балаңмен оңаша қалғанда сені бәрі тастап кеткендей, ешкімге қызық емес, ешкімге керек емес сияқты көрінеді. 20 жасымнан 38 жасыма дейін үздіксіз жұмыс істеген адам ретінде мұны қабылдау маған өте қиын болды”, – деді Мақпал.
Сол уақытта әншінің жолдасы Шымкентте жұмыс істегендіктен, ерлі-зайыпты екі қалада тұрған.
Мақпал баласына көбіне жалғыз қарағанын, тіпті тамақ ішуге де мұршасы болмаған кездері болғанын айтты.
“Кешке жақын туысым жұмыстан келгенде жылап отыратынмын. Жуынғым келеді, тамақ ішкім келеді, бүгін тіпті дәретханаға да бара алмадым дейтінмін. Құрбыларым бала күтуші жалдауға кеңес берді. Бірақ баламды ешкімге сеніп тапсыра алмаймын деп жүрдім. Барлық міндетті өз мойныма артып, мүмкіндігімді асыра бағалаппын. Сол кезде шынымен шамам жетпеді”, – деді әнші.
“Отбасымды сақтап қалуға тырыстым”
Мақпал Исабекова ажырасу туралы шешімді екінші баласына жүкті кезінде қабылдағанын айтты. Ол отбасылық психологтың көмегіне жүгінуді ұсынғанымен, жолдасы келіспеген.
“Оны отбасылық терапияға баруға көндіргім келді. Ол маған: “Мен жындымын ба? Саған керек болса, өзің бар” деді. Мұндай жағдайда бір адамның әрекеті жеткіліксіз. Отбасын сақтау үшін екі тарап та күресуі керек. Ақыры ажырасуға арыз беретінімді айттым. Мені ешкім тоқтатпады. “Жарайды, қалауың білсін” деді. Ал мен сол кезде жүкті едім”, – деді өнер иесі.
Әншінің сөзінше, босануына бір апта қалғанда ажырасуды растау туралы хабарлама келген. Алайда сол сәтте ол отбасына тағы бір мүмкіндік бергісі келіп, арызын қайтарып алған.
“Сол кезде қарым-қатынасымыз түзеліп келе жатқандай көрінді. Тіпті кінәні өзімнен іздей бастадым. Мүмкін, гормондардың әсерінен бәрін өзім ойдан шығарып жүрген шығармын деп ойладым. Арызымды қайтарып алып, тағы бір мүмкіндік бердім. Бірақ кейін алғашқы шешімімнің дұрыс болғанын түсіндім. Сені алып қалуға тырыспайтын адамның жанында қалу қиын екен”, – деді Мақпал Исабекова.
“Енді ешкімнен ештеңе күтпеймін”
Әнші ажырасқаннан кейін өзін жеңіл сезінгенін де жасырмады. Оның айтуынша, тұрмыста болған кезінде де көптеген мәселені өз бетінше шешуге тура келген.
“Күйеуің бар екенін біле тұра, барлық мәселені өзің шешуге мәжбүр болғаның жаныңа батады. Ал ажырасқаннан кейін ешкімнен ештеңе күтудің қажеті жоқ екенін түсіндім. Ешкімге үміт артпай, өзім алға жылжып, мәселелерімді өзім шеше беремін. Осы тұрғыдан жеңілдік сезіндім”, – деді әнші.
Ол босанғаннан кейінгі күйзеліс кезінде бір жарым жылдай психологтың көмегіне жүгінгенін де айтты.
“Маған қиын болған кезде арқа сүйейтін жалғыз адамым қолдау көрсете алмаса, кейін өзім күшейіп, аяғыма тұрған кезде ол маған не үшін керек?” – деді өнер иесі.
“Қазіргі әйелдер бұрынғыдай төзе бермейді”
Мақпал Исабекова қоғамдағы ажырасу мәселесіне де қатысты пікір білдірді. Ол қазіргі әйелдер өздерін құрбан етіп, отбасындағы қиындықтарға үнсіз төзе бергісі келмейді деп есептейді.
“Бізден алдыңғы буынға “үндеме, көн, шыда” деген түсінік тән болды. Қазіргі қыз-келіншектер төзе бермейді. Мұны дұрыс немесе бұрыс деп кесіп айта алмаймын. Әр отбасының жағдайы әртүрлі. Кейде ер адам ішпейді, қол көтермейді, бірақ ерлі-зайыптылар арасында ешқандай түсіністік болмайды. Ондайда не үшін шыдау керек?” – деді әнші.
Дегенмен Мақпал бұрынғы жұбайымен балалары үшін жақсы қарым-қатынас орнатуға тырысып жүргенін жеткізді.
“Ол – балаларымның әкесі және әрдайым солай болып қала береді. Ажырасуымыз балаларымызға барынша аз әсер етсе екен дейміз. Меніңше, балалар күн сайын ұрыс-керістің ортасында өмір сүргеннен гөрі, бөлек тұрса да бақытты, бір-бірімен сыйласа алатын ата-анасын көргені жақсы”, – деді Мақпал Исабекова.
Еске салайық, бұған дейін Мақпал Исабекова алғаш рет ажырасқанын мәлімдегені хабарланған еді.
Кейінірек ол тыңдармандарына “Оңалдың” атты жаңа әні мен бейнебаянын ұсынып, оқырмандарына уәде берді. Музыкалық туынды тыңдармандар тарапынан жоғары бағасын алды. Әнші оқырмандарына қолдауы үшін алғыс айтып, бұл ән өзінің жан дүниесіндегі күйді жеткізетінін мойындады.