Қазақстан әлемдік туристік картадағы өз позициясын нығайта түсуде. Bloomberg беделді халықаралық басылымы Алматы қаласын 2026 жылы баруға тұрарлық әлемдегі үздік 25 туристік бағыттың тізіміне енгізді, деп хабарлайды kznews.kz.
Bloomberg Оңтүстік астананың туристік тартымдылығының тұрақты өсіп келе жатқанын және оның жыл бойы саяхаттауға ыңғайлы қала екенін атап өтті. Басылым қаладағы мәдени өмірді, бай тарихи мұраны, гастрономиялық тартымдылықты және табиғи ландшафттарға жақын орналасуын негізгі фактор етіп көрсетті.
«Орталық Азия даласында шығармашылық энергия қайнап жатыр. Елдің ең ірі қаласының танымалдығы артып келеді: 2025 жылдың алғашқы тоғыз айында Алматыға рекордтық 2,5 миллион турист келген. Олардың бір бөлігі алтын күмбезді Зенков соборы мен дәмдеуіштер, бал және жылқы етінен жасалған шұжықтар сататын Көк базардағы сауда қатарларын көруге келсе, енді біреулері қала іргесіндегі Іле Алатауының тау бөктерінде орналасқан альпілік көлдер мен тау шаңғысы курорттарына бет алған», — деп жазады басылым.
Сонымен қатар, Bloomberg Алматыдағы демалыстың жыл он екі ай бойы тартымдылығына ерекше тоқталады. Қыс мезгілінде туристерге Шымбұлақ тау шаңғысы курортының баурайларында демалуға кеңес береді.
Bloomberg-тің жыл сайынғы рейтингі туристік трендтерге жүргізілген мониторинг, салалық жаңалықтар аналитикасы және туризм саласындағы халықаралық сарапшылардың бағалауы негізінде қалыптастырылады.
Айта кетейік, Алматы 2016 жылы ЮНЕСКО аясында өзінің 1000 жылдық тарихын тойлаған. Бұл қалада әлемдік деңгейдегі түрлі спорт шаралары мен концерттер ұйымдастырылады. Өткен жылдың өзінде азуы алты қарыс “Реал Мадрид” клубы жергілікті “Қайрат” футбол клубымен Чемпиондар лигасы аясында кездесу өткізді. Ал Орталық стадион Джениффер Лопес секілді танымал жұлдыздардың концертін өткізді.