Марқұм фельдшер Ұлдана Мырзуанның жұбайы Әділет Зейнелдің екінші рет шаңырақ көтеруі қоғамда қызу талқыланған тақырыптардың біріне айналды. Әлеуметтік желі қолданушылары оның отбасы марқұмның жылдық асы өтпей жатып той жасағанын, сондай-ақ Ұлдананың ата-анасының алдынан өтпегенін сынға алған болатын, деп хабарлайды kznews.kz.
Осы мәселеге қатысты Әділет Зейнел мен оның анасы YouTube арналарының біріне сұхбат беріп, көпшіліктің көкейіндегі сауалдарға жауап берді.
Әділеттің анасының айтуынша, қазіргі таңда екі отбасының арасындағы қарым-қатынас бұрынғыдай емес. Сондықтан олар арнайы барып, құдалардың алдынан өтуді дұрыс деп санамаған.
«Әлеуметтік желіде "неге Ұлдананың ата-анасына барып, батасын алмады?" деген пікірлер көп айтылып жатыр. Бірақ біздің қазіргі қарым-қатынасымыз бұрынғыдай емес, араласпаймыз. Баласынан айырылған ата-ана менің балама ақ батасын береді деп ойламаймын. Біз ешкімнің көңіліне қаяу түсіргіміз келген жоқ, ешкімді әдейі ренжітуді көздемедік. Барлығын тыныш өткізгіміз келді. Алайда жағдай басқаша өрбіді. Ұлдананың анасы бұл жаңалықты қуаныш ретінде қабылдамайтынын түсіндік. Сондықтан оған қосымша ауыртпалық салғымыз келмеді. Сол себепті осындай шешім қабылдадық», – деді ол.
Еске салайық, бұған дейін Әділет Зейнелдің қайта үйленгені белгілі болғаннан кейін әлеуметтік желіде түрлі пікірлер айтылып, көпшілік оның әрекетіне қатысты әртүрлі көзқарас білдірген еді. Кейін ол өзінің сұхбатында марқұм жұбайына қатысты қозғалған қылмыстық іс бойынша жәбірленуші мәртебесінен бас тартпайтынын және істің әділ аяқталуына дейін заң аясында күресін жалғастыратынын мәлімдеген болатын.