KZNEWS.KZ
Білім

Бизнес мүддесі ме, бала өмірі ме? Мектептегі жаппай уланудың тамыры қайда жатыр?

• Айжан Сыланова
Фото: ЖИ

Бала — бауыр етіміз, болашағымыз деп ұрандатқан қоғамның бүгінде ең осал тұсы мектеп асханасы болып тұрғаны жанға батады. Алматыдағы беделді Республикалық физика-математика мектебінде оқушылардың жіті ішек инфекциясымен жаппай аурухана төсегіне таңылуы, зардап шеккендер санының 51 балаға жеткені — тамыры тереңге кеткен, жүйелі салғырттықтың бетпердесін тағы бір мәрте сыпырып алды, деп хабарлайды kznews.kz.

Сүттен ақ, судан таза болып шыға келетін шенділер мен тендердің тізгінін ұстаған кәсіпкерлер арасындағы бармақ басты, көз қысты әрекеттердің зардабын, өкінішке қарай, тағы да бейкүнә балалар тартып отыр. Ресми статистиканы сөйлетсек, 2026 жылдың алғашқы алты айының өзінде елімізде тамақтан жаппай уланудың 379 жағдайы тіркеліп, оның 141-і балалардың үлесіне тиген екен. Бұл құрғақ сандардың артында қаншама ата-ананың үрейі мен көз жасы, қаншама бүлдіршіннің денсаулығына келген нұқсан тұрғанын бағамдау қиын емес. Осы оқиғаға дейін Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданындағы мектептердің бірінде жүздеген оқушы уланып, елді дүрліктіргені де жадымыздан өше қойған жоқ. Құдай сақтап, бұл жолғы және бұған дейінгі жаппай улану оқиғаларында өлген бала тіркелмеді, дәрігерлердің жанқиярлық еңбегінің арқасында балалардың жағдайы тұрақталды. Бірақ «ауру да, апат айтып келмейді» деп отыра берсек, келесі жолы бұдан да сорақы қасіретке тап болмасымызға кім кепіл?

Осы орайда, халық көкейінде «балалар өмірі үшін кім жауапты және осындай масқара жағдайдан кейін Министрлерден кім қызметінен кетті?» деген заңды сұрақ туындайды. Ащы да болса шындық — Қазақстанның саяси мәдениетінде мектептегі улану үшін Оқу-ағарту министрі немесе Денсаулық сақтау министрі өз еркімен креслосын босатып, отставкаға кеткен емес. Жауапкершілік әдетте сиырқұймышақтанып, ең төменгі буынға — мектеп директорына, қатардағы аспазға немесе асхананы жалға алған мердігер компанияға ғана тіреліп, үлкен шенділер судан құрғақ шығып жатады. Қазіргі таңда Алматы полициясы Қылмыстық кодекстің 304-бабы (Санитариялық қағидаларды немесе гигиеналық нормативтерді бұзу) бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу амалдарын бастады. «Master Food» ЖШС басқаратын бұл ас блогынан азық-үлік сақтау мерзімдерінің бұзылуы мен құжатсыз сүт өнімдері сынды өрескел заңбұзушылықтар табылып, мектеп уақытша онлайн форматқа көшірілді. Алайда, бұл жай ғана салдармен күрес, ал себеп — мемлекеттен мектеп асханаларына бөлінетін миллиардтаған қаржының тиімсіз жұмсалуы мен мемлекеттік сатып алу жүйесінің шіріктігінде жатыр. Қағаз жүзінде балалардың сапалы тамақтануына қазынадан қыруар ақша қаралғанымен, іс жүзінде тендерді ең төмен баға ұсынған, сападан гөрі пайданы бірінші орынға қоятын беймәлім компаниялар ұтып алады. Мемлекеттік сатып алу порталындағы бағаны соқыр түрде төмендету (демпинг) жүйесі мектеп асханаларын нағыз сауда-саттық алаңына айналдырып, «арзанның сорпасы татымас» деген аталы сөзді күнде дәлелдеп келеді. Нәтижесінде, ең арзан, мерзімі өтуге жақын шикізат пен құжатсыз өнімдер балалардың табағына түсіп, қазынадан бөлінген таза ақша біреулердің жемсауында сол күйі кете барады.

Бұл сорақылыққа шыдай алмаған ата-аналар мен қоғам белсенділері бүгін де дабыл қағып, биліктен құрғақ уәдені емес, түбегейлі реформаларды талап етуде. Әлеуметтік желілерде наразылық білдірген ата-аналар комитеттері мектеп асханаларын бақылау құқығын өздеріне беруді, ас блогына кез келген уақытта ескертусіз кіріп, санитарлық жағдайды тексере алатын тәуелсіз қоғамдық комиссиялар құруды алға тартып отыр. Сондай-ақ, қоғам белсенділері балалардың денсаулығына нұқсан келтірген мердігер компанияларды жай ғана айыппұлмен құтқармай, оларды «сенімсіз өнім берушілердің» қара тізіміне өмір бойына енгізіп, басшыларын қылмыстық жауапкершілікке тартуды міндеттеуді сұрайды. Халықтың ашу-ызасын тудырып отырған тағы бір жайт — кәсіпкерлерді қорғау сылтауымен мектеп ішіндегі тексерулерге қойылған шектеулер, өйткені баланың қауіпсіздігі тұрған жерде бизнестің мүддесі екінші орынға ысырылуы тиіс.

Дүниежүзілік тәжірибеге көз жүгіртсек, бұл мәселені түбегейлі шешудің сыналған үлгілері баршылық. Мәселен, Финляндия мен Жапонияда мектептегі тамақтандыру жүйесі — ұлттық қауіпсіздік пен гендік қорды сақтаудың басты тетігі ретінде қарастырылады. Жапонияның «Шокуику» (тамақтану мәдениеті туралы заң) бағдарламасы бойынша мектеп асханаларына тағам сырттан тасымалданбайды, әр мектептің өз аспаздары мен диетологтары болады және олар өнімді тікелей жергілікті фермерлерден ғана алады. Батыс Еуропа елдерінде мектеп асханасын бақылауға ата-аналар комитеті мен тәуелсіз аудиторлар кез келген уақытта кіре алады, ал заңбұзушылық анықталған жағдайда кәсіпкер өмір бойына бұл саладан шеттетіледі. Біздегідей «кәсіпкерлікті тексеруге мораторий» немесе «жоспардан тыс тексеруді шектеу» деген сылтаулар бала денсаулығы сөз болған жерде мүлдем жүрмейді. Бізге де осындай қатаң, ешкімнің лауазымына қарамастан жауапқа тартатын және қаржының әр тиынын ашық көрсететін жүйе ауадай қажет. Әйтпесе, «ауруын жасырған өледі» демекші, бүгін Алматыда, ертең басқа өңірде қайталанатын бұл келеңсіздіктер ұлт болашағына балта шабуын тоқтатпақ емес. Балалардың өмірі мен денсаулығы — мемлекеттің беделі мен болашағының айнасы, сондықтан бұл мәселеде немқұрайлылық танытуға ешкімнің те хақысы жоқ.

Айжан Сыланова
2023 жылдан бастап Kznews.kz сайтында тілші қызметін атқарады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі. Аймақтық және интернет-басылымдарда еңбек өтілі бар.
Автордың басқа материалдары →