Журналист Руслан Өтепбай Ақтөбе облысының тұрғыны, 60 жастағы Рахат Сәрсеновтің даулы ісіне қатысты журналистік зерттеу бастағанын мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz Ozgeris.info сайтына сілтеме жасап.
Рахат Сәрсенов 33 жыл бойы бір шаруашылықта жылқышы болып еңбек еткен. Алайда оған жылқы ұрлады деген айып тағылып, бірінші сатыдағы сот 7,5 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарған. Үкім жарияланған күні қария сот залында қамауға алынып, екі айдан астам уақыт тергеу изоляторында болған.
Кейін апелляциялық сот істі қайта қарап, Рахат Сәрсеновті толық ақтап, қамаудан босатты.
Істің мән-жайын анықтау үшін заңгермен бірге қарияның ауылына барған Руслан Өтепбай оның қазіргі жағдайымен танысқан.
«Рахат Сәрсенов бізді көрген бойда көз жасына ерік берді. Денсаулығы сыр берген. 2025 жылы инсульт алған екен. Осындай денсаулық жағдайымен екі ай екі күн изоляторда отырды. Ең ауыр тигені – 60 жасымды түрмеде қарсы алдым деген сөзі болды. 33 жылын жылқы бағуға арнаған азаматқа тағылған айыптың қаншалықты негізді болғанын анықтау үшін журналистік зерттеуімізді бастадық», – деді журналист.
Рахат Сәрсенов Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданына қарасты Сағашелі ауылының тұрғыны. Бірінші сатыдағы сот үкімі биыл 15 мамырда шыққан болатын. Кейін апелляциялық сот оны толық ақтап, бостандыққа шығарды.
Қарияның туыстарының айтуынша, оған қатысты арыз инсульт алып, ауыр халде жатқан кезінде рәсімделген. Олар денсаулығына байланысты ол қол қойған құжаттардың мазмұнын толық түсіне алмағанын алға тартады.
Руслан Өтепбайдың айтуынша, журналистік зерттеу барысында осы істің барлық мән-жайы жан-жақты зерделенбек.