Украина президенті Владимир Зеленский Беларусь аумағында орналасқан ресейлік әскери техникаларға қатысты мәлімдеме жасап, Минскіге ескерту жолдады, деп хабарлайды kznews.kz.
Зеленскийдің айтуынша, ол Беларусь президенті Александр Лукашенконың мәлімдемелеріне ренжімейді. Алайда Беларусьтің Украинамен шекаралас аумақтарында орналасқан арнайы техникалар Ресейдің Украинаға қарсы шабуылдарын үйлестіру үшін пайдаланылып отыр деп есептейді.
«Мен Лукашенконың сөзіне ренжімеймін. Бірақ Беларусьтің Украинамен шекаралас аумағында арнайы техникалар тұр. Олар Украинаға қарсы жасалатын ресейлік шабуылдарды бағыттауда. Мен оларға бір апта уақыт беремін. Не ол техниканы әкетсін, не өшірсін. Болмаса оны біз өшіреміз», – деді Украина президенті.
Зеленскийдің сөзінше, Украина өз қауіпсіздігіне төнетін қатерлерге жауап қайтару құқығын өзінде сақтайды.
Беларусь тарапы әзірге Украина президентінің мәлімдемесіне қатысты ресми түсініктеме берген жоқ.