KZNEWS.KZ
Жаңалықтар

Бішкекте 23 жастағы Мемлекеттік күзет қызметкері көз жұмды

Қайсар Қанат
Аурухана. Көрнекі фото: Pramote Polyamate/Getty Images

Өңірлік ішкі істер басқармасының мәліметінше, Мирсаид Миррахимов атындағы Ұлттық кардиология және терапия орталығының жансақтау бөлімінде 23 жастағы Ж.Т. қайтыс болған. Ол Мемлекеттік күзет қызметінде күзетші болып жұмыс істеген.

Алдын ала мәлімет бойынша, сол күні таңертең қызметтік сапқа тұру кезінде жас жігіт кенеттен есінен танып, құлап қалған. Дәрігерлер оған медициналық көмек көрсеткенімен, өмірін сақтап қала алмаған.

Марқұмның денесін тексеру кезінде ауыр жарақаттар байқалмаған. Алайда кеуде тұсынан көгерген және сырылған іздер анықталған. Өлімнің нақты себебін анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалды.

Туыстары соққыға жығылғанын айтты

22 шілдеде марқұмның ағасы Ақ-Су аудандық милициясына арыз түсірген. Оның сөзінше, 11-інен 12 маусымға қараған түні Ж.Т.-ны белгісіз адамдар соққыға жыққан.

Оқиға жас жігіт Ақ-Су ауданындағы ауылдардың біріне сүйіктісіне барған кезде болған. Туыстары оның бұл жағдайды ешкімге айтпағанын, кейін Бішкекке жұмысқа кеткенін жеткізген.

Арада шамамен екі апта өткен соң ол көз жұмған.

Бес адам ұсталды

Тергеу барысында полиция төбелеске қатысы болуы мүмкін бес адамның жеке басын анықтады. Олардың барлығы Ақ-Су ауданының тұрғындары.

Оқиғаға байланысты Қырғызстан Қылмыстық кодексінің «Бұзақылық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.

23 шілдеде Ақ-Су аудандық соты 2010 жылы туған екі күдіктіні үйқамаққа жіберді. Қалған үш адамға қатысты бұлтартпау шарасын таңдау мәселесі қаралып жатыр.

Қазір тергеушілер Мемлекеттік күзет қызметкерінің өлімі мен бұған дейін болған төбелестің арасында байланыс бар-жоғын анықтап жатыр.

Қайсар Қанат
Журналист. Блогер. Фрилансер
Автордың басқа материалдары →