Бішкекте қызметтік сапта тұрған кезде есінен танып, кейін қайтыс болған Мемлекеттік күзет қызметінің қызметкері бұған дейін Ыстықкөл облысында соққыға жығылған. Шабуыл жасады деген күдікпен бес адам ұсталды, деп kznews.kz тілшісі 24.kg-ға сілтеме жасап хабарлайды.
Өңірлік ішкі істер басқармасының мәліметінше, 29 маусымда Мирсаид Миррахимов атындағы Ұлттық кардиология және терапия орталығының жансақтау бөлімінде Мемлекеттік күзет қызметінде күзетші болып жұмыс істеген 23 жастағы Ж.Т. қайтыс болған.
Алдын ала дерек бойынша, сол күні таңертең қызметтік сапқа тұру кезінде ол кенеттен есінен танып, құлап қалған. Дәрігерлер медициналық көмек көрсеткенімен, оның өмірін сақтап қалу мүмкін болмады.
Марқұмның денесін сырттай тексеру кезінде ауыр жарақат белгілері анықталмаған. Алайда кеуде тұсында көгерген және сырылған іздер болған. Өлімнің нақты себебін анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалды.
Кейін, 22 шілдеде, Ақ-Су аудандық милициясына марқұмның ағасы арызданған. Ол 11-інен 12 маусымға қараған түні Ж.Т.-ны белгісіз адамдар соққыға жыққанын хабарлаған.
Оқиға жас жігіттің Ақ-Су ауданындағы ауылдардың біріне сүйіктісіне барған кезінде болған. Соққыға жығылғаннан кейін ол бұл жағдай туралы ешкімге айтпаған және Бішкекке жұмысқа кеткен. Арада екі апта өткен соң қайтыс болған.
Тексеру барысында полиция қызметкерлері төбелеске қатысы болуы мүмкін адамдардың жеке басын анықтады. Олар Ақ-Су ауданының тұрғындары Ч.С., Д.Н., С.Н., Б.А. және И.А. болып шықты.
Аталған дерек бойынша Қырғызстан Қылмыстық кодексінің 280-бабы – "Бұзақылық" бойынша қылмыстық іс қозғалды. Барлық күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
23 шілдеде Ақ-Су аудандық соты 2010 жылы туған екі күдіктіге үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын таңдады. Қалған үш күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасын таңдау мәселесі қаралып жатыр.
Тергеу жалғасуда. Құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.