Блогер Фариза Алмазқызы көпшілікке үндеу жасап, өзіне тіл тигізген бұрынғы күйеуі Нұрсұлтан Жақсыгенге қатысты істің әділ қаралуын сұрады, деп хабарлайды kznews.kz.
Бұған дейін актер Нұрсұлтан Жақсыген өзіне тағылған айыппен келіспейтінін мәлімдеген еді. Ол бұрынғы әйелі жалған ақпарат таратты деген негізбен үстінен арыз түсіргенін айтып, әлеуметтік желідегі кейбір жазбалардың өзіне тиесілі емес екенін жеткізді.
“Мен танымал адам болғандықтан, атымнан түрлі жалған парақшалар ашылып жатады. Ол сөздерді жазған да сондай парақшалардың бірі деп ойлаймын. Тергеу барысында да нақты дәлелдер табылған жоқ. Енді сот әділ шешім шығарады деп сенемін”, – деді Нұрсұлтан Жақсыген.
Ал Фариза Алмазқызы оның бұл мәлімдемесімен келіспейтінін айтып, қоғамнан қолдау мен әділдік сұрады.
“Мен, Фариза Алмазқызы, қоғамнан әділдік сұраймын. Видеодан көріп тұрғандарыңыздай, Нұрсұлтан Жақсыген 25 тамызда өтетін шешуші сот отырысының алдында осындай мәлімдеме жасап, өз әрекетін жоққа шығарып отыр. Ол жауапкершіліктен жалтару үшін осылай айтып отыр деп есептеймін. Ал оның іс-әрекеттеріне мен ғана емес, бүкіл Қазақстан куә”, – деді ол.
Фаризаның сөзінше, олардың ажырасқанына екі жыл болған. Осы уақыт аралығында бұрынғы жұбайы өзін ғана емес, жақындары мен ата-анасын, балаларын да сөзбен қорлап, ар-намысына тиетін мәлімдемелер жасағанын айтады.
“Егер мұны заң аясында тоқтатпасақ, соңы жақсылыққа апармайтыны белгілі. Осы іс бойынша қолымдағы барлық дәлелді құзырлы органдарға тапсырдым. Сот сол материалдарға сүйеніп, әділ әрі қатаң шешім шығарады деп үміттенемін”, – деді Фариза Алмазқызы.
Екі тарап та өз ұстанымын жариялағанымен, іске қатысты түпкілікті шешімді сот шығарады. Шешуші сот отырысы 25 тамызға белгіленген.