Белсенді Ербол Мәндібек актер Азамат Сатыбалды мен актриса Жұлдыз Әбдікәрімова сомдайтын «Сен және Мен» спектакліне қатысты ойын ортаға салды. Ол қойылымдағы кейбір көріністерді қазақы тәрбие мен ұлттық дүниетаным тұрғысынан қабылдау қиын болғанын айтып, әлеуметтік желіде жазба жариялады, деп хабарлайды kznews.kz.
«Сен және Мен» спектакліндегі басты рөлдерді Азамат Сатыбалды мен Жұлдыз Әбдікәрімова сомдайды. Қойылымға назар аударған Ербол Мәндібек әсіресе актрисаның рөлін таңдауға қатысты сұрақ қойған.
Белсенді Жұлдыз Әбдікәрімованың Қайрат Нұртастың жары екенін атап өтіп, оның сахнада басқа ер адаммен жақын көріністерге қатысуын өзінің түсінігіне жат деп бағалаған.
«Инстаграм мен TikTok-ты ашсаң, осы екеуінің суреті мен видеосы жиі кездеседі. Заңды жары бар әйелдің сахнада бөтен ер адаммен құшақтасқанын көру маған ерсі көрінді. Жақынырақ қарасам, өзіміздің Жұлдыз келініміз екен. Мен бұл отбасын үлгілі отбасы ретінде қабылдайтынмын. Сол себепті мұндай көріністі көргенде ішім қынжылды», – деп жазды ол.
Сонымен қатар Ербол Мәндібек қойылымды өнер тұрғысынан бағалаған кезде мұнда мәселе болмауы мүмкін екенін мойындады. Алайда оның пікірінше, театр шығармаларында көрерменнің ұлттық танымы мен қоғамдағы қалыптасқан құндылықтарды да ескеруге болады.
Белсендінің сөзінше, Жұлдыз Әбдікәрімованың актерлік мүмкіндігі жеткілікті болғандықтан, өзге де рөлдерді таңдауына болар еді.
«Өнер тұрғысынан қарасақ, бұл жерде ешқандай мәселе жоқ шығар. Бірақ қазақы ортада отбасы, ата-ене, бала-шаға және жолдасы бар келіншектің сахнада осындай рөлді сомдауы маған тосын көрінді. Жұлдыздың өзін де түсінбедім. Рөл көп қой. Басқа кейіпкерлерді де ойнауға болатын еді», – деді ол.
Ербол Мәндібек Азамат Сатыбалдының кәсіби шеберлігіне күмән келтірмейтінін атап өтті. Дегенмен театр мен кинодағы драма жанрының жауапкершілігі жоғары екенін айтып, шығармашылық еркіндік пен ұлттық дүниетаным арасында белгілі бір тепе-теңдік болуы керек деген пікір білдірді.
«Актер ретінде Азаматтың шеберлігіне дауым жоқ. Бірақ ұлттық көзқарасты да ұмытпаған жөн. Мүмкін артық айтып отырған шығармын. Егер солай болса, кешірім сұраймын», – деп жазбасын қорытындылады белсенді.
Оның бұл пікірі әлеуметтік желіде жаңа талқылауға себеп болып, спектакльдегі актерлердің рөлі, өнердегі еркіндік және ұлттық құндылықтар тақырыбы қайта көтерілді.