Атырау облысы Қызылқоға ауданы Жангелдин ауылында қайғылы жағдайда көз жұмған отбасы ісіне қатысты тың әрі түсініксіз жайттар белгілі бола бастады. Бұл туралы "КТК" телеарнасының тілшісі Жанар Молдашева мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Мәліметтерге сүйенсек, жақында марқұмдар – Мақсот Қарабалин, Нәсіп Өтешқалиева және олардың балалары Наурыз Мұқанғалиев пен Мейрамгүл Қарабалинаның зираты тұрғызылып, қаралы жиын өткен. Сол күні туған-туыс, ауыл тұрғындары жиналып, Құран бағышталған.
Алайда дәл осы жиын кезінде күтпеген жағдай тіркелген. Марқұмдардың туыстарының айтуынша, белгісіз біреу қаралы үйдің есігінің алдына кілт тастап кеткен. Үйге жиі келіп жүрген туыстарының бірі табалдырықта жатқан кілтті байқап, соның көмегімен есікті ашқан.
Бұл жағдай жақындарының күдігін күшейтіп отыр. Олар енді бұл іске тек бұрын күдікке ілінген күйеу бала ғана емес, тағы бір адамның қатысы болуы мүмкін деген болжам айтуда.
Қазіргі уақытта аталған жайтқа қатысты нақты деректер анықталып жатыр. Тергеу жұмыстары жалғасуда.