АҚШ-тың Гейнсвилл қаласында тұратын Доминик Пейдж UF Health Shands ауруханасын сотқа берді. Себебі дәрігердің қарапайым, бірақ аса қауіпті қателігі екі жасар ұлының өліміне себеп болған, деп хабарлайды kznews.kz.
2024 жылдың 1 наурызында Пейдж ұлын – екі жасар Де’Маркусты – жылауы тоқтамай, ас ішуден қалып, диареядан әлсіреген соң ауруханаға апарған. Тексеру кезінде баланың қанындағы калий деңгейі 2,8 екені анықталып, оны шұғыл түрде толықтыру қажеттігі белгілі болған.
Алайда дәл осы жерде қайғылы қателік кеткен. Дәрігер Цзяби Чен калий фосфатын 15 ммоль/литр деп жазып жіберген. Бұл – баланың жасына және жағдайына қажет дозадан он есе артық. Дұрыс мөлшер небәрі 1,5 ммоль/литр болуы тиіс еді. Үтірдің дұрыс қойылмауы өмірге қауіпті сандарды өзгертті. Фармацевт те, басқа медицина қызметкерлері де қатені байқаған жоқ. Нәтижесінде бала аса жоғары дозаны екі рет алған.
Екінші қабылдаудан кейін Де’Маркустың калий деңгейі өлімге әкелетін 7,8-ге дейін көтеріліп, жүрегі тоқтап қалды. Дәрігерлер жүрегін қайта соқтырғанымен, ұзақ уақыт бойы оттегі жетіспеуі ми мен ішкі ағзаларды қайтымсыз зақымдаған.
Кішкентай Де’Маркус екі апта бойы аппараттың көмегімен ғана өмір сүрді. Бірақ жағдайы жақсармаған соң, 2024 жылдың 18 наурызында ата-анасы ауыр шешім қабылдап, құрылғыны ажыратуға мәжбүр болды.
"Ол күн менің көз алдымнан кетпейді. Әлі күнге дейін бәрін түсімде көріп, шошып оянамын", – дейді Доминик Пейдж.