KZNews.kz
Әлем

Бір күн бұрын сахнада еді: Танымал әнші ұшақ апатынан қайтыс болды

Дархан Тоқан
Сурет: Йеисон Хименес мінген ұшақ

Колумбияның Пайпа қаласында болған әуе апатынан алты адам, оның ішінде танымал орындаушы Йеисон Хименес қаза тапты. Оқиғаға қатысты ақпаратты Колумбияның Азаматтық авиациясы мен жергілікті басылымдар растады, деп хабарлайды kznews.kz тілшісі El Tiempo-ға сілтеме беріп.

Ресми мәліметке сүйенсек, N325FA нөмірлі әуе кемесі Пайпа мен Дуитама аралығындағы аумақта апатқа ұшырағаны анықталған. Құтқару қызметтері оқиға орнына жеткен соң, борттағы алты адамның да көз жұмғаны хабарланды. Ақпаратты Азаматтық авиация басқармасы әлеуметтік желідегі парақшасында да жариялаған.

El Tiempo жазуынша, ұшақ Пайпа қаласындағы Хуан Хосе Рондон аэродромынан көтерілгеннен кейін көп ұзамай құлаған. Қала басшысы Германа Рикардо Камачо төтенше қызметтер – өрт сөндірушілер, құтқарушылар және медицина мамандары жұмылдырылғанын айтқан. Кей деректерде әуе кемесі Медельин бағытындағы рейс жоспарын ұсынғаны көрсетіледі.

Құрбандар тізімінде ұшқыш ретінде капитан Фернандо Торрес Рохастың аты аталады. Апатқа ұшыраған әуе кемесі Piper PA-31-325 Navajo үлгісіндегі ұшақ болуы мүмкін деген дерек бар. Қазір оқиғаның нақты себебін анықтау үшін тергеу жүргізіліп жатыр.

Басылым мәліметінше, Йеисон Хименес қайғылы оқиғадан бір күн бұрын Малага қаласында концерт берген, кейін демалу үшін Пайпаға барған. Ол жеке ұшақты жалға алып, алдымен Медельинге жетіп, ары қарай келесі концерті жоспарланған Маринильяға ұшпақ болғаны айтылады. 1991 жылы 26 шілдеде Мансанарес қаласында дүниеге келген әнші колумбиялық «música popular» жанрындағы хиттерімен танылып, «Aventurero» және «Tenías Razón» әндері кең тараған.

Қайғылы хабардан кейін Колумбияның өнер әлемі мен жанкүйерлері қара жамылып, көңіл айту жазбалары көбейген. Ресми органдар апаттың барлық мән-жайы тексеріліп жатқанын мәлімдеп отыр.

Дархан Тоқан
Автордың басқа материалдары