KZNews.kz
Саясат

Бір адамдық карцерде отыр: Бапи түрмедегі журналист Думан Мұхамедкәріммен кездескенін айтты

Азамат Қойшығара
Ашық дереккөз

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Қызылорда облысындағы түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан журналист Думан Мұхамедкәріммен жолығып, оның қазіргі жағдайына көз жеткізіп қайтқанын хабарлады, деп хабарлайды kznews.kz.

Депутаттың айтуынша, ол Қызылордаға арнайы барып, колония әкімшілігінің рұқсатымен Думан Мұхамедкәріммен екі сағатқа жуық сөйлескен. Ермұрат Бапи абақтыға облыстағы азаматтар дайындап берген соғымнан сыбаға да апарғанын, түзету мекемесі сәлемдемені еш кедергісіз өткізуге мүмкіндік жасағанын атап өтті.

«Сол баяғы Думан. Бірбеткей, тік мінезді, турашыл. Сот үкімімен тағылған жазаны мойындамайды», — деді депутат.

Оның сөзінше, журналист Талдықорғандағы СИЗО-да кездестірген уақытқа қарағанда жүдеу тартқан. Кездесуден бір күн бұрын ол аштық акциясын тоқтатқан.

Мұхамедкәрімнің денсаулығы да сыр бере бастаған.

«Еттің қашуынан екі бүйрегім төмен түсіп кетті, белім сырқырайды, асқазаным да ауырады», — дегенін Бапи жеткізді.

Алайда журналист аштық жариялауды өз қарсылығын білдірудің жалғыз мүмкіндігі деп санайды.

Қазір Думан Мұхамедкәрім бір адамдық карцерде отыр. Колония әкімшілігінің мәліметінше, ол мекеме тәртібіне бағынбағаны үшін ішкі жазаға тартылған. Негізгі себеп — мекеменің жалпыға ортақ киімін киюден бас тартуы.

«Жазықсыз сотталдым деп есептесем, неге түрменің киімін киюім керек?» — деп жауап берген журналист.

ДУИС өкілдері журналистің Алматы маңына немесе Талдықорғанға ауыстыру туралы өтініші қаралмайтынын айтты. Себебі оның 13 ішкі тәртіптік жазасы бар.

«Егер талапты бұзған сотталушылардың өтінішін қанағаттандырсақ, тәртіп сақтаған басқа адамдардың құқығына нұқсан келеді», — деді мекеме басшылығы.

Сондай-ақ депутат журналист отырған камераға белгісіз жарылғыш зат лақтырылғаны туралы адвокаттың мәлімдемесіне қатысты сұрақ жолдаған. Түзету мекемесінің басшысы бұл оқиға тексеріліп жатқанын, алайда алдын ала оның провокациялық әрекет болуы мүмкін екенін айтты.

«Қастандық жасалса, оны бұлай дабырамен істемейді», — деді ол.

Кездесуден кейін Ермұрат Бапи журналистің өр мінезі мен әзіл-қалжыңынан айнымағанын, рухы тұғырлы екенін атап өтті. Ал ата-анасы ұлының денсаулығына алаңдап отырғанын да жеткізді.

Азамат Қойшығара
Автордың басқа материалдары