Жазушы, публицист, Қазақстан Жазушылар одағының Қостанай облысындағы өкілі, Қазақстанның Құрметті журналисі Жанұзақ Аязбеков дүниеден өтті. Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі хабарлады, деп жазады kznews.kz.
Министрлік марқұмның отбасы мен туған-туыстарына, әріптестеріне және оқырман қауымға көңіл айтты.
"Жанұзақ Аязбеков саналы ғұмырын қазақ журналистикасы мен әдебиетінің дамуына арнады. Ол тағылымды туындыларымен оқырманның ықыласына бөленген қаламгер еді. Еңбек жолын Қостанай облыстық телерадио комитетінен бастап, кейін өңірлік радио мен баспасөз саласында жауапты қызметтер атқарды. Кәсіби білімі мен мол тәжірибесін елдік мүддеге жұмсаған азаматтың журналистика мен руханият саласындағы еңбегі әрдайым жоғары бағаланды", – делінген министрлік хабарламасында.
Ведомство Жанұзақ Аязбековтің жарқын бейнесі, өнегелі өмір жолы мен артында қалдырған шығармашылық мұрасы ел жадында сақталатынын атап өтті.