Қоғам

Бектенов Түркістандағы өрттен кейін министрлер мен әкімдерге тапсырма берді

Бектенов Түркістандағы өрттен кейін министрлер мен әкімдерге тапсырма берді

Премьер-министр Олжас Бектенов Түркістан облысының Жетісай ауданыna қарасты Алғабас ауылында он екі адамның өмірін қиған өрт оқиғасынан кейін министрлер мен жергілікті билік өкілдеріне бірқатар тапсырма жүктеді, деп хабарлайды kznews.kz.

«Әріптестер, кеше Түркістан облысының Алғабас ауылында қайғылы жағдай орын алғанын білесіздер. Үкіметтің атынан қаза тапқандардың туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамын. Мемлекет басшысының тапсырмасымен өрттің себептерін анықтау үшін Үкіметтік комиссия құрылып, жұмыс істеп жатыр. Зардап шеккендерге және қаза тапқандардың отбасыларына барлық қажетті көмек, оның ішінде материалдық және медициналық көмек көрсетіледі», – деді Бектенов Үкімет отырысында.

Үкімет басшысы жылу маусымы басталғалы тұрғын үйлерде өрт жағдайлары көбейгенін атап өтті.

«Біз бұл мәселені қазан айында Үкімет отырысында қарадық. Алайда жағдайдың жақсарғанын әзірге көріп отырған жоқпыз. Сондықтан алдын алу және түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет. Төтенше жағдайлар министрлігіне өртті болдырмау, адамдардың өмірін сақтау мәселелері бойынша орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың жұмысын тиісті деңгейде үйлестіруді қамтамасыз етуді тапсырамын. Өңір әкімдіктерімен және Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, тұрғын үй секторын, әсіресе жатақханалар мен хостелдерді, халықтың әлеуметтік осал топтарының үйлерін аралап, рейдтер жүргізу қажет. Мәдениет министрлігі мен әкімдіктер барлық масс-медиа мен әлеуметтік желілерде түсіндіру жұмыстарын жандандырсын. Өңір әкімдіктері газ жабдықтарын қауіпсіз пайдалануға бағытталған алдын алу шараларын жүргізу бойынша газ-техникалық инспекцияның жұмысын күшейтсін», – деп тапсырды Премьер-министр.

Сондай-ақ, Бектенов аталған жағдайдан қажетті қорытынды шығарып, мұндай қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін нақты ұсыныстар әзірлеуді міндеттеді.

Еске сала кетейік, 18 қараша күні таңғы 05:36 шамасында Түркістан облысы Жетісай ауданындағы Алғабас ауылында екі қабатты тұрғын үйден өрт шығып, он екі адам, оның ішінде тоғыз бала қаза тапқан болатын.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz