Қоғам қайраткері әрі әнші Бекболат Тілеухан журналист Аман Тасығанға сұхбат беріп, бұрын өзіне жасалған қысымдар туралы әңгімеледі.
Әлеуметтік желіде тараған сұхбаттың аңдатпасында журналист одан қандай қысым көргенін сұраған. Бекболат Тілеухан қысымның діни сенімі мен көпшілік алдында айтқан сөздеріне қатысты болғанын жеткізді.
«Намазыма тиісті, сөйлеген сөзіме де тиісті. Қай жерде көп сөйлесем, содан мін іздеді», – деді ол.
Сұхбат барысында қоғам қайраткері жүргізушінің сұрақ қою тәсіліне де әзіл араластыра пікір білдірді. Оның айтуынша, адамды ұзақ сөйлеткен кезде сөзден жаңылуы немесе абайсызда артық пікір айтып қалуы мүмкін.
«Сен де маған қысым көрсетіп отырсың. Адамды шақырып алып, көп сөйлете бересің. Көп сөйлеген соң сөзден сүрінесің, содан кейін сол тұсын теріп аласыңдар», – деді Бекболат Тілеухан.
Аман Тасыған сұхбаттың сөздер бұрмаланбай, қалай жазылса, сол күйінде жарияланатынын айтты.
«Қалай бар, солай беремін. Уайымдамаңыз», – деп жауап берді журналист.