Пәкістанның The News International басылымына берген сұхбатында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдегі күрделі үдерістерге қатысты өз көзқарасын білдірді. Мемлекет басшысы елдегі саяси жаңғыру мен Конституциялық реформаның мәніне тоқталып, билік пен қоғам арасындағы жаңа қоғамдық келісімнің маңызын атап өтті. Сонымен қатар, сұхбат барысында Гренландияның болашағына байланысты жаһандық пікірталастар, ұлттық мүдде ұғымының күшеюі және АҚШ Президенті Дональд Трамптың ішкі саясатының халықаралық саясатқа ықпалы жөнінде пайымдарын ортаға салды.
Бұдан бөлек, Президент Ресей-Украина қақтығысына қатысты Қазақстанның ұстанымын түсіндіріп, қақтығыстарды бейбіт жолмен реттеудің, дипломатияның маңызын атап көрсетті, деп хабарлайды kznews.kz kaz.inform.kz сайтына сілтеме жасап.
– Бүгінде саясаткерлердің бәрі АҚШ-тағы жағдайды жіті бақылап отыр. Сіз Америкадағы ахуалға, нақтырақ айтқанда, Президент Дональд Трамптың ішкі саясатына қандай баға бересіз?
Президент Трамп – өте тегеурінді әрі көреген көшбасшы. Ол елінің ұлттық мүддесін әрдайым бірінші орынға қояды. Мұны АҚШ экономикасының жоғары көрсеткіштерінен, сондай-ақ қазіргі кезде ел ішінде жүріп жатқан ауқымды реформалардан, әсіресе, әлеуметтік саладағы оң өзгерістерден аңғаруға болады.
Мен оның ақыл-парасатқа құрылған саясатын және заң үстемдігін орнатуға бағытталған әрекетін қолдаймын. Қазақстанда да осыған ұқсас бағдарды басшылыққа алып, қоғамда «Заң және тәртіп» қағидатын орнықтыруды мақсат етіп қойдық. Сонда ғана еліміз осынау алмағайып заманда іргесі мықты мемлекетке айналады.
Менің ойымша, азаматтар заңды және құқық қорғау органдарының талаптарын мүлтіксіз сақтап, оларды құрметтеуге тиіс.
– Қазақстан Ибраһим келісімдеріне неліктен қосылды?
– Қазақстан бейбітшілік, тұрақтылық және халықаралық диалог қағидаттарын әрқашан берік ұстанады. Бұл ұстанымнан алдағы уақытта да айнымаймыз.
Президент Дональд Трамптың идеясымен жүзеге асқан Ибраһим келісімдері, шын мәнінде, болашаққа бағдарланған бастама.
Осы келісімге қосылу арқылы біз дипломатияның күшіне сенетінімізді тағы да растадық. Өйткені бұл кез келген қарама-қайшылықты реттеп, өңірде және жаһанда ұзақ мерзімді тұрақтылық орнатуға болатын парасатты құрал.
Қазақстанның Израильмен қарым-қатынасы жақсы. Сонымен қатар біз Палестина халқын да қолдаймыз. Екі мемлекеттің бейбіт қатар өмір сүруіне негізделген шешімді дәйекті түрде құптаймыз.
Ұлттық мүдде тұрғысынан қарасақ, Ибраһим келісімдеріне қосылу елімізге инвестиция мен озық технологияларды тартуға, басқа да қомақты экономикалық игіліктерге кенелуге берік негіз қалайды.
Қазақстанның Ибраһим келісімдеріне қосылуы араб пен еврей халықтарын қазіргіден де жақындастырып, анағұрлым кең мұсылман-яһуди диалогына ұласуға септігін тигізеді деп үміттенемін.
– Премьер-министр Шахбаз Шарифпен бірге Давоста Президент Трамп ұсынған Бейбітшілік кеңесін құру жөніндегі келісімге қол қойдыңыздар. Бейбітшілік кеңесін Біріккен Ұлттар Ұйымына балама жасау әрекеті ретінде қабылдағандар да бар. Сіз мұны қалай бағалайсыз?
Бейбітшілік кеңесі – тез әрі тиімді нәтижеге қол жеткізу үшін дер шағында көтерілген аса өзекті маңызды бастама. Президент Дональд Трамптың өзі Жарғыға қол қою рәсімінде Бейбітшілік кеңесі Біріккен Ұлттар Ұйымын алмастыруды емес, оған демеу болуды көздейтінін ашып айтты. Өкінішке қарай, БҰҰ қазір институционалдық дағдарысты бастан кешіріп отыр.
Ерекше атап өтетін жайт, бұл бастама Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің 2803 қарарын іске асыруға ықпал етеді. Аталған қарарда бейбітшілік халықаралық легитимділік, сондай-ақ тиімді көшбасшылыққа арқа сүйеуге тиіс екені анық жазылған.
Бейбітшілік кеңесі қақтығыстарды реттеудің икемді әрі прагматикалық тетіктерін ұсынып, әлемдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға елеулі үлес қосатынына сенімдімін.
– Газа секторында ұзақ мерзімді бейбітшілік орнату жоспарына сенесіз бе?
– Арнайы өкілдер Стив Уиткофф пен Джаред Кушнер ұсынған жоспар жақсы ойластырылған. Меніңше, бұл аса өршіл бастама болғанымен, оны орындауға әбден болады. Жоспардың кейбір аспектілері бейбітшілік пен өсіп-өркендеуге берік негіз қалайтын даму жобасына ұқсайды.
Алайда, қос халыққа арналған екі мемлекет құруға саяси ерік-жігер болмаса, қандай да бір жоспардың түбегейлі іске аса қоюы неғайбыл. Толассыз қантөгісті тоқтатып, қалыпты өмірге оралуға тек осындай шешім ғана түрткі бола алады.
– Ресей мен Украина арасындағы соғыс ұзаққа созылып кетті. Сіз өзіңізді араағайын ретінде көресіз бе?
Расында, жағдай аса күрделі. Бұл жердегі ең басты мәселе – территориялық талас екенін түсінеміз. Қазақстан қақтығысты тек саяси, дипломатиялық амалдармен реттеуге болады деп есептейді. Қазіргі жағдайда бейбітшілікке қол жеткізудің жалғыз жолы – қақтығысқа қатысушы тараптарды келіссөзге келістіру. Бұған кәміл сенеміз.
Қазақстан араағайын рөлін атқаруға ұмтылмайды. Алайда еліміз келіссөздерге бейтарап алаң ұсынып, жан-жақты көмектесуге дайын.
– Өте тәжірибелі дипломат ретінде Гренландия аумағына әскери оккупация жасалуы мүмкін деп ойлайсыз ба? Сіздің пікіріңізше, қандай сценарий шындыққа жақын?
Мен бұл мәселеге басқа қырынан қарар едім. Халықаралық тәжірибеде мемлекеттер белгілі бір аумақты немесе стратегиялық нысанды жалға алу шартын жасаған мысалдар аз емес. Әдетте ортақ мүдде және өзара тиімді мақсатқа жету тұрғысынан осындай мәмілелер жасалады.
Бір сөзбен айтқанда, осы іспеттес кез келген шешім халықаралық құқық аясында, соның ішінде БҰҰ Жарғысында бекітілген мемлекеттің егемендігін құрметтеу секілді қағидаттарды сақтай отырып қарастырылуға тиіс.
Мәселен, Америка Құрама Штаттары мен Данияға Гренландияны 120 жылға жалдау туралы келісім жасауға болар еді. Бұл мәмілеге сәйкес, Гренландия заң жүзінде Данияның бір бөлігі болып қала береді, сәйкесінше, оның егемендік құқығы бұзылмайды. Ал практикалық уағдаластықтар стратегиялық мүдделерге сай келеді.
Тараптар өзара диалог пен жауапкершілігі зор саясатты басшылыққа алып, халықаралық құқықтан ауытқымай, түптің түбінде прагматикалық әрі екі жаққа да тиімді келісімге келеді деп үміттенемін.
– Қазіргі кезде Қазақстанда Конституцияға енгізілетін түзетулер қызу талқыланып жатыр. Бұл өзгерістердің мәні неде?
Ел тарихында ең елеулі саяси трансформация үдерісі жүріп жатыр. Бұл өзгерістер дамудың игілігін қоғамда әділ бөлуді мақсат етеді.
Мемлекеттің іргесін бекемдеу жолындағы барлық қам-қарекетіміз елімізді жаңғыртуға, шын мәнінде Әділетті Қазақстанның негізін қалауға бағытталған.
Қазақстан «суперпрезиденттік» модельден бас тартып, тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесі тиімді жұмыс істейтін президенттік республика үлгісіне өтті. Ол, ең алдымен, «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасына арқа сүйейді.
Қазір біз саяси жаңғырудың мүлдем жаңа кезеңіне қадам бастық. Конституциялық реформа аясындағы ең басты өзгерістердің қатарында бір палаталы парламентке (Құрылтай) өту, Халық Кеңесін құру және Вице-президент лауазымын енгізу секілді бастамалар бар. Адам құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде жарияланады. Ал ынтымақ пен бірлік, этносаралық және конфессияаралық келісім секілді құндылықтар мемлекеттігіміздің мызғымас тұғыры болып қала береді.
– Қазіргі Қазақстанның стратегиялық даму векторы қандай?
Мақсатымыз – Әділ, Қауіпсіз, Таза және Озық Қазақстан құру. Бұл ретте біз «Заң және тәртіп» қағидатын бәрінен жоғары қоямыз. Ал халқымыздың ынтымағы қастерлі құндылық ретінде қарастырылады.
Бүгінгі таңда Қазақстан Орталық Азиядағы экономикасы ең ірі ел саналады. Былтыр жоғары экономикалық өсім тіркелді. Ал ішкі жалпы өнім 300 миллиард доллардан асты. Жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім көлемі тарихи межеге жетті.
Инвестициялық саясатымыз тұрақты, ашық әрі түсінікті іскерлік орта қалыптастыруға бағдарланған. Сонымен қатар біз таяу жылдары Қазақстанды толық цифрлық мемлекетке айналдыруды көздейтін стратегиялық міндетті орындауды қолға алдық. Жасанды интеллект пен басқа да озық технологиялар белсенді енгізіліп жатыр.
Қазақстанды Еуразиядағы басты транзит хабына айналдырғымыз келеді.
Бұдан бөлек, еліміздің энергетика саласын жаппай жаңғыртуға кірістік. Бұл орайда шетелдік инвесторлармен бірлесіп ірі жобаларды іске асыра бастадық.
Бұл қадамның бәрі таңдаған жолымыздың қандай екенін көрсетеді. Мақсатымыз – әртараптандырылған, технологиялық тұрғыдан озық әрі әлемдік деңгейдегі бәсеке төтеп бере алатын экономика құру, халқымыздың тұрмыс сапасын жақсарту.