Қазақстан мен Пәкістан арасындағы қарым-қатынас соңғы жылдары жаңа мазмұнмен толығып, нақты экономикалық және стратегиялық серіктестік деңгейіне көтеріліп келеді. Сауда-инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту, өңіраралық байланысты дамыту және көлік-логистика әлеуетін тиімді пайдалану екі елдің ортақ күн тәртібіндегі басым бағыттарға айналды.
Пәкістанның жетекші басылымына берген бұл сұхбатында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты серіктестіктің қазіргі ахуалы мен келешегіне баға беріп, алдағы мемлекеттік сапардың маңызын атап өтті, деп хабарлайды kznews.kz kazinform.kz сайтына сілтеме жасап.
– Қазақстан мен Пәкістан арасындағы қарым-қатынасқа, әсіресе, сауда-инвестициялық ынтымақтастыққа қандай баға бересіз? Нақтырақ айтқанда не күтесіз? Келешегі қандай?
– Қазақстан Пәкістанды достас ел және халықаралық қоғамдастықта беделі биік стратегиялық серіктес ретінде қарастырады. 1992 жылы дипломатиялық қатынас орнаған сәттен бері ортақ мүддемізге сай келетін бірқатар мәселе мен жобалар бойынша табысты әрекет етіп келеміз.
Мемлекеттеріміз ШЫҰ, ИЫҰ, АӨСШК секілді маңызды халықаралық ұйымдар аясында тығыз әрі жемісті ықпалдастықты жолға қойды. Осылайша, біз жаһандағы бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға, сондай-ақ орнықты дамуға үлес қосамыз.
Пәкістанға алғашқы мемлекеттік сапарым серіктестік көкжиегін кеңейтіп, өзара байланыс тарихының жаңа кезеңіне бастау болады. Сапар барысында қол қойылған 60-тан астам үкіметаралық және іскерлік келісім екіжақты ынтымақтастыққа зор серпін берері сөзсіз.
Көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп пен өндіріс, денсаулық сақтау, білім беру және басқа да секторлар экономикалық ынтымақтастығымыздың басым бағыттары саналады.
Мен екі елдің компаниялары бірлескен кәсіпорындар құрып, тиімді жобаларды жүзеге асыра алады деп ойлаймын. Оған мүмкіндік мол.
Біз өзара сауда-саттығымызды кеңейтуге ерекше назар аударып отырмыз.
– Пәкістан мен Қазақстан ынтымақтастығының басты бағыттарына тоқтала кетсеңіз?
– Экономикалық ынтымақтастық және өңіраралық байланыс өзара серіктестігімізде айрықша мәнге ие. Біз ізгі саяси ерік-жігерімізді нақты экономикалық нәтижеге жету үшін жұмсағымыз келеді. Атап айтқанда, сауда-саттық пен инвестиция ауқымын кеңейтіп, халықтарымыз арасындағы байланысты жандандыруға ниеттіміз.
– Өңіраралық байланыс ортақ күн тәртібіндегі негізгі тақырыптың біріне айналды. Қазақстан үшін бұл мәселе қаншалықты маңызды?
Шын мәнінде, аймақаралық байланысты дамыту – күн тәртібінде тұрған ең өзекті мәселе. Бұл ретте Қазақстан – Түрікменстан – Ауғанстан – Пәкістан дәлізін құру жобасына үлес қосуға әзірміз. Біздің ойымызша, бұл жобаның өңірлерді байланыстырып, Оңтүстік Азия нарығына шығу тұрғысынан стратегиялық маңызы зор.
Пәкістанның осы стратегиялық бағытта елімізбен тығыз ынтымақтастық орнатуға ниетті екені қуантады. Мүдделі тараптар көлік-транзит жобаларын табысты жүзеге асыруға белсенді атсалысып, ортақ іске жұмыла кіріседі деп үміттенеміз.