Бразилияның Сан-Паулу қаласында ұйымдастырылған халықаралық жарыста қазақстандық боччашылар алғаш рет алтын және күміс медаль жеңіп алды. Атап айтқанда, Қуаныш Аскарбеков қарсыластарынан басым түсіп, Әлем кубогының алтын жүлдесін иеленді. Ал Итиана Шыңғысханова күміс медальға қол жеткізді.
Бұл нәтиже Қазақстанның бочча спорты тарихындағы маңызды жетістіктердің бірі болды. Мәулен Әшімбаев әлеуметтік желідегі парақшасында спортшылардың табандылығы мен қажырлы еңбегін ерекше атап өтті.
"Достар, бүгін біз үшін үлкен қуаныш! Қазақстан Бразилияның Сан-Паулу қаласында өткен бочча спортынан Әлем кубогында алғаш рет алтын және күміс медаль жеңіп алды! Қуаныш Аскарбеков алтын медаль иеленсе, Итиана Шыңғысханова күміс жүлдеге қол жеткізді. Бұл – қазақстандық боччашылар үшін тарихи жеңіс әрі еліміздегі параспорттың дамуына серпін беретін маңызды белес.
Қуаныш, Итиана, жарайсыздар! Бұл жеңістің артында орасан зор еңбек, қайсар рух, табандылық пен өз күшіне деген сенім жатыр. Параспортшыларымызды, жаттықтырушыларды, ата-аналарды, Қазақстанның Бочча федерациясындағы әріптестерімізді, серіктестер мен демеушілерді және, әрине, барша жанкүйерді шын жүректен құттықтаймын!
Бұл – баршамызға ортақ жеңіс! Алдағы уақытта да параспортшыларымызға жаңа мүмкіндіктер жасап, Қазақстанда бочча спортын дамыту жолындағы жұмыстарымызды жалғастырамыз. Алда әлі талай жеңіс пен жаңа жетістіктер күтіп тұр. Алға, Қазақстан!" – деп жазды Мәулен Әшімбаев.
Федерация президенті бұл жетістіктің артында спортшылардың ғана емес, олардың жаттықтырушылары мен жақындарының, сондай-ақ параспортты дамытуға үлес қосып жүрген мамандардың еңбегі тұрғанын атап өтті.
Оның айтуынша, алдағы уақытта да Қазақстанда бочча спортын дамытуға және параспортшылар үшін жаңа мүмкіндіктер жасауға басымдық беріледі.
Айта кетейік, бочча – дәлдік пен тактикалық ойлауды талап ететін паралимпиадалық спорт түрі. Ойыншылар арнайы доптарды нысанаға барынша жақын орналастыру арқылы ұпай жинайды.