Бүгінгі энергетикалық сектордағы сауда-саттық мұнай бағасының төмендеуге бет алғанын байқатты.
Биржа мәліметінше, әлемдік нарықтағы Brent мұнайының бағасы қайта төмендеді. Мысалы, ICE биржасындағы сауда деректеріне сәйкес, Brent маркалы мұнайдың бағасы барреліне 90 доллардан сатыла бастаған. Кеше трейдерлер қойған баға 119 долларға дейін күрт көтерілген еді. Арада бір тәуліктен сәл асатын уақыт өткесін саудадағы мұнай құны 30 долларға дейін арзандай бастаған.
Ашық дереккөздердегі мәліметке қарағанда, нарықтағы мұнай бағасының күрт көтерілуі АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігінде қызу талқыланып, алаңдаушылық туғызған көрінеді. Мұның соңы Трамптың Иранға қатысты ұзақ мерзімді шешімін өзгертуге әкеліп, Таяу Шығыстағы соғысты аяқтау туралы мәлімдеме жасауға мәжбүр еткен сияқты.
Сарапшылар АҚШ аумағында ғана емес, тұтас әлемдік нарықтағы мұнай бағасының күрт қымбаттауы елдегі саяси институттар мен қоғам белсенділерінің де наразылығын арттырғанын айтады. Ал Ақ үй Иранға қарсы әскери операцияны тоқтату арқылы Трамптың әлем елдері алдындағы саяси беделін сақтауды ғана емес, Америка халқының талабымен санасатындығын да көрсетті.
Жалпы, Трамптың командасы бұл жолғы бензин бағасының төмендеуін алдағы қарашада өтетін Конгресс сайлауы қарсаңындағы саяси қадам ретінде пайдалануға да кетәрі емес екен. Өйткені, Трамп саясатына қарсылар оны билікке әкелген республикалықтардың арасында да көбейген. Ал сайлау компаниясы жақындаған сайын саяси партиялардың кез келген жағдайды өз пайдаларына жарататыны анық.
Дегенмен, Трамтың бұл шешімінен кейін де Таяу Шығыс текетіресіне нүкте қойылады деу ерте. Өйткені, Ирандағы Ислам революциясы сақшылары корпусы Ормуз бұғазы арқылы Америка аумағына "бір тамшы да" мұнай экспорттауға жол бермейтіндерін айтуда. Трамп та бұл дөңайбатқа қарап қалмай, Иран тарапы мұнай тасымалына кедергі келтірсе, Америка соққы жасауды 20 есеге дейін арттыратынын ескертті. Тіпті, Трам әкімшілігі Ормуз бұғазын басып алу жоспарының дайындалғанын хабарлаған.
Қалай болғанда да, Иранды ашық бомбалау аяқталған сияқты. Бейбітшілікке құштар елдер бұл шешімді қуана құптап отыр. Бұл тізімге Қазақстан да қосылады. Өйткені, мұнай экспортындағы аласапыран еліміздің экономикасына да әсер ететіні анық. Ал қара алтын нарығындағы сауда-саттықтың құбылуынан келетін қысқа мерзімді пайда мен зиян стратегиялық мақсаттарға ықпал етпеуге тиіс.