Атқарушы билік жанар-жағармай нарығына бақылауды күшейту туралы шешім қабылдады. Бұған көрші Ресейдегі жағдайдың әсері болған сияқты. Жалпы, біз бұл туралы жазған едік.
Соңғы уақытта Украина тарапынан ұшқан дрондардың мұнай өңдеу зауыттарына жасаған шабуылдары жиілеп, соның салдарынан Ресейдің бірқатар өңірлерінде жанармаймен қамтамасыз ету мәселелері туындауда. Яғни, орыс еліндегі жанар-жағармай тапшылығы мен қымбатшылық көрші елдер нарығына да ықпал етуі мүмкін деген қауіп күшейіп келеді.
Осылайша, Ресейдегі мұнай өңдеу зауыттарындағы жағдайға байланысты Қазақстан билігі жанармай нарығына бақылауды күшейтіп, бағаға тұрақты мониторинг жүргізіп отыр. Атап айтқанда, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Марат Омаров мұнай жеткізушілердің, мұнай өнімдерін көтерме сатушылардың, жанармай құю және автогаз құю станцияларының баға саясатына мониторингті күшейтуді тапсырды.
Бұл шешімнің маңызы зор. Өйткені, жанармай бағасы тек көлік жүргізушілерінің шығынына ғана әсер етпейді. Ол тасымал, логистика және өндіріс шығындарын қымбаттатып, соның салдарынан азық-түлік пен басқа да тауарлар мен қызметтердің бағасының өсуіне ықпал етеді. Сондықтан жанармай бағасының өзгеруі инфляцияға және жалпы экономикалық тұрақтылыққа, соның ішінде теңгенің ахуалын бағалауға әсер ететін маңызды факторлардың бірі саналады.
Агенттіктің мәліметінше, егер бәсекелестік заңнамасын бұзу фактілері анықталса, тиісті шаралар қабылданады. Сонымен қатар жанар-жағармай нарығындағы ықтимал заң бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған арнайы іс-қимыл жоспары әзірленген көрінеді.
Айтпақшы, ел ішінде бензин бағасы біртіндеп өсіп келеді. Нарықтағы қазіргі баға өңірлер мен жанармай құю бекеттерінің сауда-саттық саясатына байланысты өзгеріп отыр. Ашық дереккөздердегі мәліметке қарағанда, қазір АИ-92 бензинінің әр литрі шамамен 233–245 теңге болса, АИ-95 литріне 301–322 теңге аралығында және АИ-98 маркалы жанармайдың әр литрі 345–375 теңгеден сатылып жатыр.
Сарапшылардың пікірінше, бағаның өсуіне ішкі нарықты кезең-кезеңімен ырықтандыру, көрші елдердегі жанармай бағасының қымбаттауы және логистикалық шығындардың артуы тікелей әсер етуде.
Дегенмен, салыстырмалы түрде арзан бағадағы отандық бензин шекара асып келген алыпсатарлардың пайда көзіне айналып кетпеу үшін басқа да шұғыл шаралар қабылдануы керек сияқты. Ал ресейлік автокөлік иелерінің жанар-жағармай үшін Қазақстанға келуі жиілеп, ел ішінде "бензин туризмі" деген атауға ие болғанын да kznews.kz жазған болатын.