БАҚ бәсекесі: медиа оқырманға бармаса, оқырман медиаға келмейді
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

БАҚ бәсекесі: медиа оқырманға бармаса, оқырман медиаға келмейді

БАҚ бәсекесі: медиа оқырманға бармаса, оқырман медиаға келмейді
Фото: trademaster.ua

Reuters агенттігі жанындағы Журналистиканы зерттеу институты әлемдік медианарықтағы жағдайға шолу жасапты. Былтырғы зерттеу дүниежүзіндегі медианың бағыты түбегейлі өзгергенін көрсеткен екен.

Журналистиканы зерттеу институты 2025 жылы 48 елде тұратын 100 мыңға жуық адамға сауалнама жүргізген көрінеді. Нәтижесінде, күн сайынғы жаңалықты әлеуметтік желілер мен видеоплатформалардан алатындардың үлесі 54 пайызға жеткен. Бұл көрсеткіш арғы жылмен салыстырғанда тағы үш пайызға артқан-мыс.

Ал дәстүрлі ақпарат арналарына деген қызығушылық пен сұраныс кері бағытқа кетіп бара жатыр. Мысалы, теледидарды жаңалық көзі ретінде пайдаланатындар 52 пайыз болса, жаңалық сайттарының көрсеткіші 51 пайызға дейін төмендеген. Ең үлкен құлдырау дәл осы сайттар бойынша байқалған. Яғни, сайттардың оқылымы бір жыл ішінде 10 пайыздық тармақ бойынша төмендеп кеткен. Ал респонденттердің 21 пайызы радионы және 16 пайызы газетті ақпарат көзі ретінде пайдаланады екен.

Демек, адамдар енді жаңалық іздеп газет оқымақ түгілі, сайтқа да кірмейтін болған. Есесіне, барлық ақпарат олардың алдына өзі келетіндей деңгейде. Мәселен, адам смартфонның бетін сипағаннан-ақ TikTok, Instagram немесе YouTube лентасынан елдегі және әлемдегі басты оқиғаларды көріп шығады екен.

Айтпақшы, Reuters агенттігінің бұл зерттеуі тағы бір маңызды үрдісті көрсетіп отыр. Респонденттердің 77 пайызы күн сайын видео форматтағы жаңалық қарайды екен. Демек, жаңалықтар таратуда мәтіннің орнын біртіндеп қысқа видео алмастырып келеді деген сөз. Яғни, ақпаратты тез қабылдау дағдысы қалыптасқан адамдар ұзақ мәтін оқуға бұрынғыдай уақыт бөлмейді.

Медиа саласын алаңдататын тағы бір өзгеріс жасанды интеллектінің ақпарат іздеудегі рөлінің күшеюі екені де айтылуда. Бұрын адам Google платформасынан іздеп, бірнеше сайтты ашып, қажетті мәліметін өзі тауып, салыстыратын. Ал қазір ChatGPT, Gemini секілді жасанды интеллект жүйелері сұраққа дайын жауапты тауып береді. Оның үстіне пайдаланушы сол жауапты нақтылап, қосымша сұрақ қойып, бірден толық ақпарат алу мүмкіндігіне ие. Соның салдарынан жаңалық сайттарына трафиктің азаюы алдағы жылдардың ең үлкен мәселесінің бірі болмақ дейді Журналистиканы зерттеу институтың сарапшылары.

Бұл үрдіс әсіресе, баспа басылымдары үшін үлкен сынақ болмақ. Бес жыл бұрын сауалнамаға қатысқандардың 24 пайызы газет оқитынын айтса, биыл бұл көрсеткіш 16 пайызға дейін төмендеген. Ал 18-24 жас аралығындағы жастардың 56 пайызы күнделікті газетті мүлде оқымайтынын жеткізген. Ал бұл жай ғана статистика емес, ақпараттық бағытта тұтас бір дәуірдің ауысқанын білдіреді.

Өзімізге қатысты айтайық. Әлемнің бір бөлшегі ретінде Қазақстан медиасы да осы өзгерістен тыс қала алмайды. Соңғы жылдары көптеген ақпарат құралдарының TikTok, Instagram Reels және YouTube Shorts сияқты әлеуметтік желілерге басымдық бере бастауы кездейсоқ емес. Өйткені, аудитория сонда көшті. Қағидалар да өзгерген. Басқаша айтқанда, қазақ медиасы оқырманның соңынан іздеп бармаса, енді оқырман медиаға өнім сұрап қайырылмайды.

Әрине, бұл елдегі сайттар мен газеттер ертең мүлде жоғалады деген сөз емес. Бірақ олардың бұрынғы миссиясы өзгеріп жатыр дегенді білдіреді. Ендігі жерде жаңалықты бірінші болып жеткізу міндеті әлеуметтік желілерге ауысса, кәсіби журналистиканың басты артықшылығы сараптау, тексеру және түсіндіру болып қалды.

Тоқетерін айтқанда, ендігі бәсекеде кімнің жаңалықты бірінші жазғанына емес, кімнің оны аудиторияға ыңғайлы форматта ұсына алғанына қарап таңдау жасалмақ.

Автор
Қалмаханбет Мұқаметқали

Қалмаханбет Мұқаметқали, журналист. І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің түлегі. Журналистикада 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.