Қоғам

Бапи: Құмар ойын бизнесіне қатысты көтерген мәселемдегі ақпарат бұрмаланған

Бапи: Құмар ойын бизнесіне қатысты көтерген мәселемдегі ақпарат бұрмаланған
Тengrinews.kz

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Қазақстандағы құмар ойын бизнесін реттеуге бағытталған Бірыңғай есеп жүйесіне (БЕЖ) қатысты депутаттық сауалы бойынша өз ұстанымын нақтылап, бұған дейін жарияланған ақпараттарға түсініктеме берді.

Депутат әлеуметтік желідегі жазбасында өз сұрағына байланысты кей деректердің бұрмаланып, қоғамда түсінбеушілік туғызғанын атап өтті.

«Жобаның материалдарын қосымша зерделеп, уәкілетті органдармен бірнеше рет кеңескен соң, бұған дейін жарияланған кейбір тұжырымдардың нақты жағдайды толық ашпайтыны белгілі болды», – деп жазды Бапи.

Депутаттың мәліметінше, БЕЖ жобасы қазір толық іске қосылуға дайындық кезеңінде. 15 тамызда интернет кеңістігін бақылауға арналған интеграцияланған жасанды интеллект жүйесінің пилоттық кезеңі басталған. Ол тәулігіне 800-ге дейін заңсыз сайтты автоматты түрде бұғаттай алады. Бұрын бұл процесс мемлекеттік органдардың қолмен жұмыс істеуіне байланысты алты айға дейін созылатын.

БЕЖ жүйесінің басты мақсаты – құмар ойын бизнесін ашық әрі сенімді цифрлық ортаға көшіру, заңсыз онлайн-казино мен сайттарды бұғаттау және лудоманияның таралуына тосқауыл қою. Жүйе азаматтарды жасы, қарыздық мәртебесі және өзге де заңмен шектелген жағдайлар бойынша автоматты сәйкестендіреді. Осы арқылы 21 жасқа толмағандар мен борышкерлердің құмар ойындарға қатысуы тоқтатылады.

БЕЖ операторы – Туризм және спорт министрлігі жанындағы 100 пайыз мемлекеттік «Оператор ЕСУ» ЖШС. Платформаның барлық зияткерлік меншік құқығы да осы операторға тиесілі.

Жүйенің серверлік инфрақұрылымы «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ базасында орналастырылған. Бұл деректердің қауіпсіздігі мен толық мемлекеттік бақылауды қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, жүйе ұйымдастырушылардың қызметін тіркеуге алып, қатысушылардың құқықтарын қорғауды және көлеңкелі платформаларды анықтауды көздейді.

Бапи заңнамалық бастамалардың бірі ретінде букмекерлік компаниялардың айналымынан 3 пайыз көлемінде нысаналы аударымдар енгізуді ұсынды. Оның 1 пайызы – «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына, 1 пайызы – SportQory спортты дамыту қорына, ал қалған 1 пайызы – Ұлттық олимпиада комитеті жанындағы қорға бағытталмақ.

Бұл шаралар халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, құмар ойын бизнесін ашықтыққа, әлеуметтік жауапкершілік пен бюджет кірісін арттыруға бағытталған.

Бапи бұған дейін кей БАҚ-та жарияланған, БЕЖ операторы мен жобаға қатысы бар тараптардың шетелдік санкциялық субъектілермен байланысы туралы пікірін қайта қарап, бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.

«БЕЖ жүйесін енгізу – нарықты көлеңкеден шығарып, бірыңғай ережелер орнатуға және бюджет түсімін арттыруға мүмкіндік береді. Мен бұл процесті әрі қарай да бақылап, азаматтарды үнемі ақпараттандырып отырамын», – деді депутат.

Айта кетейік, 13 қазанда Ермурат Бапи мемлекеттік органдардың Ресейдің мүддесі үшін құмар ойындарға қарсы шараларды тежеп отырғаны жөнінде пікір білдірген болатын. Бұл мәлімдеме қоғамда үлкен талқы туғызды.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz