Баян Алагөзова уәдесінде тұрып, Меруерт Өтекешоваға пәтер сыйлады
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Балқашта Металлург күніне орай ауқымды гала-концерт өтті

Балқашта Металлург күніне орай ауқымды гала-концерт өтті
Фото: “Қазақмыс” баспасөз қызметі

17 шілде күні Балқаш көлінің жағалауында Металлург күніне арналған Metallurg Fest мерекелік фестивалі өтті. Ауқымды гала-концертке қала тұрғындары мен қонақтары, өндіріс орындарының қызметкерлері, сала ардагерлері және олардың отбасы мүшелері жиналды, деп хабарлайды kznews.kz.

Металлург күні Балқаш қаласы үшін ерекше маңызға ие. Өйткені қаланың қалыптасуы мен дамуы металлургия өндірісімен тығыз байланысты. Мереке өндіріс саласында еңбек етіп, кәсіпорынның, қаланың және ел өнеркәсібінің өркендеуіне үлес қосып жүрген азаматтарға құрмет көрсету мақсатында ұйымдастырылды.

Фестиваль аясында қонақтарға концерттік және ойын-сауық бағдарламалары ұсынылды. Мерекелік алаңда интерактивті аймақтар, балаларға арналған ойын алаңдары, сондай-ақ металлургтердің еңбегі мен «Қазақмыс» компаниясының тарихына арналған ұжымдық арт-панно жасау алаңы жұмыс істеді.

Музыкалық бағдарламаны Timur Teams ұжымы мен әнші IL’HAN ашты. Көрермендер Балқаш мыс балқыту зауытының қызметкерлері Ерсұлтан Сәкенов пен Әділжан Бисенбаевтың ERS & Adilzhanym шығармашылық дуэтінің өнерін ерекше ықыласпен қабылдады. Металлургтердің өмірі мен еңбегі туралы әндер көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Кештің ерекше көріністерінің бірі CrossFire тобы ұсынған «Салтанат» жарық шоуы болды. Қойылымда ұлттық нақыш, заманауи хореография және жарық эффектілері үйлесім тапты.

Сондай-ақ сахнада Болат Құсайынов, Жанар Дұғалова және аты аңызға айналған «Ялла» вокалды-аспаптық ансамблі өнер көрсетті. Кештің басты музыкалық оқиғасы – «Ирина Кайратовна» тобының концерті болды. Танымал ұжымның өнері Балқаш көлінің жағалауын ашық аспан астындағы үлкен би алаңына айналдырды.

Концерт барысында түрлі интерактивті бағдарламалар ұйымдастырылып, жүргізушілер Марат Оралғазин мен Еркебұлан Мырзабек көрермендерді қоршаған ортаны аялауға және мерекелік аумақтың тазалығын сақтауға шақырып отырды.

Мерекелік кеш металлургтер құрметіне арналған жарқын отшашумен қорытындыланды. Іс-шара кезінде қоғамдық қауіпсіздікті құқық қорғау органдарының қызметкерлері қамтамасыз етсе, концерт аяқталғаннан кейін коммуналдық қызмет мамандары мен белсенді тұрғындар жағалау аумағын тазалау жұмыстарын жүргізді.

Биылғы Металлург күні де Балқаш жұртшылығын бір мақсаттың төңірегіне топтастырып, ондаған жылдар бойы қаланың тыныс-тіршілігін айқындап келе жатқан металлург мамандығының қоғамдағы ерекше орнын тағы бір мәрте айшықтады.

Автор
Айжан Сыланова

2023 жылдан бастап Kznews.kz сайтында тілші қызметін атқарады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі. Аймақтық және интернет-басылымдарда еңбек өтілі бар.