Қоғам

Балаларының көзінше жағы мен мұрнын сындырған: Бұрынғы күйеуінен таяқ жеген әйел Президенттен көмек сұрады

Балаларының көзінше жағы мен мұрнын сындырған: Бұрынғы күйеуінен таяқ жеген әйел Президенттен көмек сұрады

Жәбірленуші Дильбар Тимурованың айтуынша, арадан үш апта өтсе де, құқық қорғау органдары ешқандай әрекет жасамаған. Сондықтан ол Президенттен көмек сұрауға мәжбүр болғанын жеткізді. 

"Мен шарасыз жағдайға тап болып, құқық қорғау органдары әрекет етпегендіктен Президенттен көмек сұрауға мәжбұрмін. 28 тамыз күні мені үш жыл бұрын ажырасып кеткен, экс-күйеуім Нурадин Асанұлы ұрып-соғып, еңбекке жарамсыз етті. Ортамызда екі кәмелетке толмаған бала бар. Арада үш апта өтсе де, құқық қорғау органдары тарапынан ешқандай шара қолданылмады. Маған жақ сүйегімді қалпына келтіру үшін бірнеше операция жасалды, ауруханада жаттым. Егер бұрынғы күйеуіме қандай да бір шара қолданылғанда, бұлай көмек сұрап отырмас едім", – дейді жәбірленуші. 

Оның айтуынша, экс-жолдасы ауқатты отбасынан шыққандықтан істі жауып тастауы мүмкін. 

"Менің екі кішкентай балам бар. Қашан әрекет етесіздер? Менің өлуім керек пе? Еліміздің Конституциясының кепілі ретінде Қасым-Жомарт Кемелұлы, Сізден көмек сұраймын! Бұрынғы күйеуім Тимуров Нурадин Асанұлын заң аясында барынша қатаң жазалауыңызды өтінемін", – деді жәбірленуші. 

Аталған жағдайға қатысты Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, қазір тергеу амалдары жүріп жатыр. 

"28 тамыз күні Алматы қаласы Жетісу ауданының полиция басқармасына қала тұрғынына дене жарақатын келтіру дерегі бойынша хабарлама келіп түсті. Сол күні аталған дерек бойынша 36 жастағы ер адамға қатысты Қылмыстық кодекстің 107-бабына (Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру) сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Қазір іс аясында қажетті тергеу амалдары жүріп жатыр. Тергеу аяқталғаннан кейін заңнамаға сәйкес шаралар қабылданады", – делінген хабарламада. 

Айта кетейік, бұған дейін Түркістан облысында ер адамның әйелін балғамен ұрып өлтіргені туралы жазған едік.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz