KZNews.kz
Қоғам

Балаларын қорлап, әйелінің іш киімін киіп суретке түскен ер азамат жайлы тың дерек айтылды

Ayzhan Sylanova
Фото: әлеуметтік желіден

Петропавлда әйелін және балаларын ұзақ уақыт бойы қорлап, сонымен қатар әйелдердің ішкиімімен түсірілген ерсі видеоларды желіге жүктеп жүрген ер адамға сот бір жыл бойы отбасына жақындауға тыйым салды, деп хабарлайды kznews.kz.

Бұған дейін бұл оқиғаға қатысты ақпарат тараған еді. «НеМолчи.kz» қорының өкілдері көпбалалы ананың күйеуі тарапынан жылдар бойы зорлық көріп, соның салдарынан мүгедектік алғанын мәлімдеген. Қор мамандары ер адамның әлеуметтік желілерде жариялаған видеоларынан алынған скриншоттарды да көрсеткен. Кадрларда ер адамның әйелдердің іш киімін киіп түскені байқалады.

Осы жағдайдан кейін жәбірленуші әйел балаларын қалдырып, анасын паналауға мәжбүр болған. Ал кәмелетке толмаған бес бала әкесімен бірге қалған. Оқиғаға байланысты полиция қызметкерлері қорғаншылық және қамқоршылық органдарымен бірге отбасының тұрғылықты жеріне барып, әйелдің арызы негізінде отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қарсы әрекеттер бойынша әкімшілік іс қозғады.

Солтүстік Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлағандай, Петропавлдың арнайы әкімшілік соты ер адамға қатысты ӘҚБтК-тің 73-бабы 1-бөлігі бойынша істі қараған.

Сот құжатында былай делінген:

"2025 жылғы 3 қарашада құқық бұзушы үйінде жанжал шығарып, бірге тұратын әйелін балағаттаған. Осылайша ол отбасылық-тұрмыстық қатынастарда тұрған адамды құрметтемей, оның тыныштығын бұзған. Бұл әрекет қылмыстық жазаланатын әрекет белгілеріне жатпайды", – делінген қаулыда.

Ер адам өз кінәсін толық мойындаған. Жәбірленуші әйел мән-жайды растап, күйеуін жауапкершілікке тартуды сұраған. Тараптар келісімге келген жоқ.

Сот ер адамды кінәлі деп танып, бес тәулікке әкімшілік қамауға алу туралы шешім шығарды. Сонымен қатар оның мінез-құлқына қатысты ерекше талаптар бекітіліп, отбасының келісімінсіз олармен байланыс жасауға тыйым салынды.

Қаулыда былай көрсетілген:

"12 ай ішінде құқық бұзушыға жәбірленушінің еркіне қарсы оны іздеуге, тиісуге, оларға баруға, ауызша және телефон арқылы сөйлесуге, өзге де тәсілдермен байланыс орнатуға, сонымен қатар, оның отбасының кәмелетке толмаған және (немесе) әрекетке қабілетсіз мүшелерімен де байланыс орнатуға тыйым салу түрінде ерекше талаптар белгіленсін. Сондай-ақ, тұрғылықты жері бойынша медициналық ұйымдарда психологиялық көмек алу шаралары белгіленсін", – делінген сот қаулысында.

Шешім жарияланған сәттен бастап заңды күшіне енді.

Ayzhan Sylanova
Автордың басқа материалдары