KZNews.kz
Жаңалықтар

«Балаға бір тиын да бермеді»: Қайрат Сатыбалдының бұрынғы жұбайы мәлімдеме жасады

Дархан Тоқан
Фото: Бейнежазбадан кескін

Өзін Қайрат Сатыбалдының бұрынғы жұбайы ретінде таныстырған Асылжан Есенқызы экс-жұбайы ерекше күтімді қажет ететін баласына қараспай, әкелік міндетінен жалтарып жүргенін айтты, деп хабарлайды kznews.kz тілшісі Stan.kz-ке сілтеме жасап.

Асылжан Есенқызының сөзінше, ол Қайрат Сатыбалдымен бірнеше жыл азаматтық некеде бірге тұрған. Айтуынша, олардың қарым-қатынасы туралы Нұрсұлтан Назарбаевтың да хабары болған.

«Мен оның “тоқалы” да, “ашынасы” да емеспін, ол мені туыстарымен таныстырды, бірге тұрған кезде басқа заңды әйелі болған жоқ, тек балаларына барып жүрді», – дейді ол.

Ол әлеуметтік желіде жиі айтылатын жас айырмашылығы мәселесіне де тоқталған.

«Мен биыл 40 жасқа толамын, ол менен небәрі 16 жас үлкен болды», – деп мәлімдеді Асылжан.

Сондай-ақ «миллионермен ақша үшін қосылды» деген пікірлерді жоққа шығарып, Франция, Түркия секілді елдерден вилла мен қымбат сыйлықтар ұсынылғанын, алайда өз қалауымен одан бас тартқанын айтады.

Әйелдің айтуынша, балалы болу туралы ұсынысты да Қайрат Сатыбалдының өзі көтерген. Бірақ жүктілік кезеңі оның өмірінде ең ауыр уақытқа айналғанын жеткізді: бастапқыда психологиялық қысым күшейіп, кейін физикалық күш көрсетуге ұласқан. «Ол маған қол көтерді», – дейді Асылжан Есенқызы.

Опасыздық жайына келгенде, ол нақты дәлел келтірмей, бірақ күдігін жасырмайды. Айтуынша, жүкті кезінде бірнеше рет ауруханаға түскен, ал талдаулардан жыныстық жолмен берілетін инфекциялар анықталған.

«Кейінірек сол кезде басқа әйелмен қарым-қатынасы болғанын түсіндім. Бәлкім, өзім кетіп қалармын деп үміттенген шығар», – дейді ол.

Асылжан Есенқызы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа байланысты Қазақстанда да, Францияда да бірнеше рет арыз жазғанын, бірақ нәтижесіз болғанын мәлімдеді. Ол 2019 жылғы 16 мамырда қызын дүниеге әкелгенін айтты. Сөзінше, қыздары алты айға толғанда екеуі екі жаққа кеткен: бастапқыда әкесі жақсы қарағанымен, кейін қарым-қатынас шайқалып, ажырасуға өзі шешім қабылдаған.

Бұрынғы жұбайының айтуынша, қызына кейін бірнеше диагноз қойылған: аутизм, СДВГ, дислекция. Бұған қоса жалпы сөйлеу тілінің дамымауы (ОНР), психикалық дамудың кешеуілдеуі (ЗПР), сенсорлық бұзылыстар мен сенсорлық шамадан тыс жүктеме, анамнезінде эпилептиформды белсенділік барын жеткізді.

«Диагноз 2021 жылы қойылды. Ал Қайрат бұл туралы естігісі де келмеді. Мен бірнеше рет хабарласып, көмек сұрадым, бірақ үнсіз қалды. 5 жылдан астам уақыт бойы балаға тек өзім қарап келемін, қаржылай да мүлде көмектеспейді», – дейді Асылжан Есенқызы.

Материалда Қайрат Сатыбалды тарапынан жауап немесе түсініктеме келтірілмеген.

Дархан Тоқан
Автордың басқа материалдары