Ақша табу өнер болса, оны уыстан шығармай сақтау, еселеу, орнымен жұмсап, қарыздың қамытын мойынға ілмеу мүлде бөлек парасатты талап етеді.
Біз қашан да байлыққа бір-ақ күнде жеткізетін «сиқырлы дәріні», ешкімнің түсіне кірмеген құпия формуланы, төте жолды іздеуге құмармыз. Ал айналып келгенде, өмірдің ақиқаты тым қарапайым. Әлемдік қаржы ілімінің қаймағын қалқып алсаңыз, алдыңыздан сиқыр емес, адам психологиясы мен терең өмірлік философияға суарылған сегіз алтын қағида шығады.
Алдымен өзіңе төле, өз еңбегіңді қадірле
Қолымызға айлық тиген сәтте біз кімді жарылқаймыз? Ең әуелі банктегі несиенің өңешін толтырамыз, комуслуга төлейміз, дүкеншінің қалтасын қампайтамыз, таксистің алақанына саламыз. Сонда таңнан кешке дейін сабылған өз маңдай теріміздің өтеуі қайда? «Алдымен өзіңе төле» қағидасы табыстың 10-20 пайызын өзің үшін бөлек алып қалу деген сөз. Бұл құрғақ есеп емес, бұл өзіңнің ертеңгі күніңе деген құрмет. Тапқаныңды өзгеге үлестірмей тұрып, алдымен өз болашағыңның еншісін бөліп қою арқылы ғана өз өміріңнің шынайы қожайыны боласын.
Байлық көп табуда емес
Пендеміз ғой, қалтамыз қалыңдаған сайын тәбетіміз ашыла түседі. Тілімізде «көрпеңе қарай көсіл» деген аталы сөз бар еді, ал қазіргі қоғам, табысы өссе, көрпесін емес, шығынын созады. Кеше ғана жатақханада қара нанды бөліп жеп жүрген студент бүгін білдей бір мекеменің тізгінін ұстап, топ-менеджер атанса да, баяғыша айлықтан айлыққа әзер жетеді. Неге? Себебі кірісімен бірге көкірегі де, сұранысы да өсті. Тапқаныңнан аз жұмсау сараңдық емес, көрегендік. Шынайы дәулет қалтаңа қанша түскенімен емес, содан қаншасын берекесімен сақтап қалғаныңмен есептеледі.
Ақшаға сатып алынатын жан тыныштығы
Адамда кемі үш-алты айлық міндетті шығынын жабатын «қаражат қалқаны» болуы шарт. Бұл қордың мақсаты үстінен пайда көру емес, сіздің жүйкеңізді тозудан, ұйқыңызды бұзылудан қорғау. Өмір болған соң, басыңа іс түседі, жұмыстан қысқаруың немесе тосыннан сырқаттанып қалуың мүмкін. Сондай сын сағатта адамды біреудің босағасына телміртпей, қарыз бен күйзелістің құрдымына құлатпай алып шығатын жалғыз сүйеніш осы жинақ.
Тұтынушылық несие байлықты іштен кеміретін жегі
Біздің ең үлкен дертіміз «жұрттан қалмайын», «ел не дейді» деген жалған намыс. Айналамызға бақуатты болып көріну үшін өзімізге аса қажет емес дүниені несиеге рәсімдейміз. Ал қымбат несие дегеніміз не? Ол ертеңгі несібеңді бүгін талғажау етіп, болашақтағы өз табысыңды өзің тонау. Қаржы ілімінің білгірлері «айлық несие төлемі табысыңның 30 пайызынан аспасын» деп бекер шырылдамайды. Одан асқан меже, өз еркіңмен мойныңа киген қаржылық құлдықтың қамыты.
Көзбояушылықтан арылу
Көпшілігіміз несиеге алынған су жаңа темір тұлпарды немесе күтімі қыруар қаржы сұрайтын зәулім үйді «байлығым, активім» деп алданамыз. Ал өмірдің заңы қатал, қалтаңа ақша әкелетін дүние ғана игілік (актив), ал қалтаңдағы барыңды сорып, үздіксіз шығынға батыратын зат - масыл (пассив). Осы қарапайым ақиқатты түйсінген күні жылтырақ дүниеге деген көзқарасыңыз түбегейлі өзгереді.
Ақшаны өзіңе қызмет еткізу
Кезінде Эйнштейннің өзі күрделі пайызды «әлемнің сегізінші кереметі» деп бағалаған екен. Инвестиция жасау тек шіріген байлардың ермегі емес, ертеңін ойлаған әрбір саналы адамның міндеті. Бұл ретте шешуші рөлді қалтаңыздағы миллиондар емес, Уақыт ойнайды. Істі ерте бастаған адам шағын қаржымен-ақ уақыт пен математика заңдылығын өз игілігіне жаратып, үлкен капиталдың іргетасын қалай алады.
Парасатты тәуекел мен ашкөздіктің аражігі
«Бар жұмыртқаны бір себетке салма» деген қағида тек қаржы әлеміне ғана емес, тұтас өмірге жүргізілетін таразы. Ал өзің байыбына бармаған, табиғатын түсінбейтін күмәнді жобаларға тез баюдың желігімен ақша тігу инвестиция емес, кәдімгі құмар ойын. Ақылды адам тәуекелден қашпайды, бірақ оны ақылмен тізгіндей біледі.
Есепсіз дүние берекесіз келеді
Бабаларымыз «есепсіз дүние жоқ» дегенді бекер айтпаған. Кірісі мен шығысының есебін білмеген адам түбі тесік шелектей. Тиынының қайда кетіп жатқанын бақылай алмаған жан, қолына миллион түссе де, оның берекесін кіргізе алмайды. Күнделікті қарапайым қаржылық есеп сіздің шынайы өмір сүру деңгейіңіз бен әдеттеріңізді боямасыз көрсететін айна.
Ендеше, бәрімізге аян осы формула неге жұмыс істемейді?
Байқасаңыз, қаржылық еркіндікке бастайтын ешқандай жасырын соқпақ жоқ. Жоғарыда айтылған сегіз қағида бәріміздің құлағымызға сіңген, талай жерден оқыған таныс дүниелер. Бірақ солай бола тұра, неліктен қоғамның басым бөлігі әлі күнге дейін қарыздан көз ашпай, қаржылық тапшылықтың тауқыметін тартып жүр?
Жауабы біреу-ақ, қаржылық сауаттылық дегеніміз 20 пайыз ғана білім де, 80 пайызы мінез бен нәпсі тәрбиесі.
Ережені жаттап алу аз, оны күнделікті өмір салтына, бұлжымас әдетке айналдыру үшін темірдей тәртіп керек. Ал адам нәпсісі ұзақмерзімді тәртіпке бағынғаннан гөрі, дәл қазіргі сәттік ләззатты, мәселен, несиеге болса да соңғы үлгідегі қымбат смартфонды қолға ұстап, бір марқайып қалуды қалап тұрады. Бізге өз құлқынымызды тыйып, ертеңгі күн үшін сабыр сақтағаннан гөрі, «бір рет өмір сүреміз ғой, несиеге ала салайын» деп өзімізді алдаған әлдеқайда жеңіл.
Айналып келгенде, бізді кедей қылатын білімсіздік емес бір сәттік қалауымызды ертеңгі болашағымыздан биік қоятын әлсіздігіміз. Мінез өзгермей, әмиян қалыңдамайды. Біле жүріңіз!
Нұрбек Дәуренбеков,
Қызылорда